Әлемдегі ең қымбат бал Түркияда
АСТАНА. ҚазАқпарат - Түркияның солтүстік-шығысындағы Артвин қаласы маңында әлемдегі ең қымбат бал өндіріледі. Жергілікті тұрғындар оған «эльфилік бал» деген атау беріпті. Оның әрбір келісі 5000 еуроға дейін жетеді.
Жергілікті омарташы Гунай Гундуз аталған бал өзгелеріне қарағанда ерекше деп бағалап отыр. Өйткені, бұл бал жабайы аралар қоныстанған 1800 метр тереңдіктегі үңгірден алынады. Үңгірдегі микроклимат пен оның қабырғаларындағы минералды құрам балды өте тәтті әрі пайдалы етеді. Гунай тек 2009 жылы ғана осы үңгірді анықтаған. Ол кәсіби альпинистердің көмегімен балдың осы табиғи қоймасына кіретін жолды тауып алған. Кейін үңгірден 18 келі балды алып шығып, оны Франциядағы зертханалардың бірінде тексертеді. Зерттеу нәтижесінде бұл балдың онда 7 жыл сақталғаны және минералдық заттарға бай екені анықталды. Эльфилік балдың бірінші келісі Францияда 45 мың еуроға сатылса, 2010 жылы қытайлық фармацевтер тағы бір келісін 28 мың еуроға сатып алды. Қазіргі кезде омарташы жабайы аралардың өнімін жоғарыда аталған бағамен саудалап жатыр.