Әлемдегі ең қымбат қызғылт түсті гауһар рекордтық бағаға сатылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Sotheby's бәссауда үйі «Қызғылт жұлдыз» атты әлемге әйгілі гауһар тасты рекордтық бағаға сатты.

Әлемдегі ең қымбат қызғылт түсті гауһар рекордтық бағаға сатылды

Асыл тас небары 5 минуттың ішінде иесін тапқан. Салмағы 59,6 карат болатын «Қызғылт жұлдыз» - тарихта саудаға түскен ең үлкен қызғылт түсті гауһар. Оны гонконгтық Chow Tai Fook Jewellery фирмасы 71,2 млн. долларға сатып алды. Асыл тастың бәссаудадағы алғашқы бағасы бұл бағадан 15 млн-ға төмен болған.

Бұған дейінгі рекордтық баға «Көгілдік Оппенгеймер» деп аталатын гауһар тасқа тиесілі болған. Өткен жылдың мамырында ол 50 млн. долларға сатылған еді.

Өңделмей тұрған кезінде «Қызғылт жұлдыздың» салмағы 132,5 карат болған.

Асыл тас 1999 жылы ОАР-дағы De Beers атты кен орнынан табылған.