Әлемдегі ең қымбат зергерлік әшекейлер

АСТАНА. 24 қараша. ҚазАқпарат - Көз жауын алар әшекей бұйымдарды сыйға тартуға, салтанатты кештерге тағып баруға болады. Тіпті, бүгінде әдемі әшекей зергерлік бұйымдар әйелдер, ерлер, балалар үшін де күнделік қолданатын затына айналғандығы шындық. Десек те, сәні мен салтанаты келіскен, бағасы да бас айналдырарлық алтынмен апталып, күміспен қамталған, сан-түрлі асыл тастармен безендірілген зергерлік бұйымдар тек әдемілік үшін ғана емес, сонымен бірге адамның дәулетінің тасып, мейманасы асқандығын да білдіретін, мәртебесін паш ететін әшекейге да айналып отыр.

Әлемдегі ең қымбат зергерлік әшекейлер
Мәселен, әлемдегі ең қымбат зергерлік әшекейлер көшін дизайнер Susan Rosen әзірлеген суға шомылғанда киетін киім (бикини) бастап отыр. Бұл гауһар таспен көмкерілген киімнің құны 30 млн. долларға жетіп жығылады. Киім жалпы салмағы 150 каратты құрайтын гауһар тастармен өрнектелген әрі тастарының сапасы да түсі де ерекше жоғары бағаланады. Лағыл және гауһар таспен көмкерілген алқа Әсемдігіне сөз жетпес бұл алқа Бирмада табылған. Лағылдың пішіні жүрек іспеттес, ал салмағты 40,6 каратты құрайды. Алқа бойында жалпы салмағы 110 каратты құрайтын ұсақ гауһар тастар өрілген. Бұл бірегей зергерлік туынды 14 млн. долларға бағаланады. Гауһар тасты сырға Жоғары сапада зергерлік әшекейлер жасаумен айналысатын американдық Гарри Уинстонның қолынан шыққан бұл гауһар тасты сырға бүгінде 8,5 млн. долларға татиды. Айта кетерлігі, зергерлік туынды 2006 жылы жасалғанына қарамастан бүгінгі күнге дейін әлемдегі ең қымбат сырға болып отыр. Бұл әшекейдегі гауһар тастар пішін алмұрт немес тамшы іспеттес әрі айналасы платинамен көмкерілген. Сырғаның жалпы салмағы 60 каратты құрайды. Көгілдір гауһар тас және колумбиялық меруерт Таяуда ғана Гонконгта өткен Sotheby's аукционында шамамен 8 млн. долларға көгілдір түсті гауһар тасты жүзік сатылды. Әрине, жүзік бағасының мұншалықты қымбат болуы ешкімді де таңқалдырмасы анық. Өйткені, көгілдір гауһар тас табиғатты өте сирек кездеседі. Оның салмағы 6 карат. 3 млн. доллар. Бұл Haute Joaillerie-нің мөлдірлігі, сапасы, меруерттерінің түсі жағынан бірегей туынды болып есептелінетін алқасының бағасы. Бүгінде мұндай меруерттер әлемдегі ең үздік тастардың қатарына жатқызылады. Әрине, жоғарыда атап өткен зергерлік әшекей бұйымдардың бағасы уақыт өте келе өзгеруі де мүмкін. Кейбір қайта аукционға шығарылса, енді бірінің бағасы қайта қаралатындығы да анық. Сондықтанда зергерлік бұйымдардың бағасы, тіпті ол барынша қымбат болса да ең тұрақсыз өлшем болып саналады.