Әлемдегі ең ұзын жылан Малайзиядан табылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Малайзияда құрылыс алаңындағы жұмысшылар әлемдегі ең ұзын жыланды ұстап алды. Алып питонды жұмысшылар құрылыс алаңының қақ ортасынан тапқан.
Жыланның ол жерде қалай тап болғаны белгісіз, деп жазады 24.kz.
Оны ұстау қиынға соқты. Бірнеше ер адам алдымен оның аузын байлап, арқанмен буындырып, әрең дегенде қолға түсірген екен. Салмағы 250 келіге жуық, ал ұзындығы 8 метр болып шықты. Мұндай өлшемдерімен питон тұтқында өмір сүріп жатқан ең ұзын жылан ретінде Гиннестің рекордтар кітабына ене алады. Бұған дейін бұл номинация чемпионы Миссури шатында тұратын Медуза питоны болған еді. Оның салмағы 158, ұзындығы 7 метр 67 сантиметр.