Әлемдегі халықаралық қатынастардың күрделенуі Қазақстанның әскери қауіпсіздігінің өзектілігін арттыра түсуде - Е.Қарин

АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлемдегі халықаралық қатынастардың күрделенуі елдің ұлттық қауіпсіздігі жүйесінің негізгі бөлігі болып табылатын Қазақстанның әскери қауіпсіздігінің өзектілігін арттыра түсуде. Бұл туралы бүгін конференцияда ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Ерлан Қарин мәлім етті.

Әлемдегі халықаралық қатынастардың күрделенуі Қазақстанның әскери қауіпсіздігінің өзектілігін арттыра түсуде - Е.Қарин

«Жалпы біз бүгінгі үдерістерді көріп отырмыз, әлемде мемлекеттер арасындағы халықаралық қатынастар қиындай түскен. Бұрынғыдай коалициялар, альянстар құрылуда, бұл өз кезегінде халықаралық саясаттың күрделене түсуіне ықпал етеді. Өкінішке қарай, саяси аренада кереғар күштердің арасындағы ахуал нашарлауда, қарулы қақтығыстардың қаупі де өршеленіп барады, біз бұны Ауғанстандағы оқиғалардың желісінен байқай аламыз. Біз қазір Сирия мен Ирактағы ахуалды да көріп отырмыз. Бұл елдің ұлттық қауіпсіздік жүйесінің негізгі бөлігі болып табылатын біздің әскери қауіпсіздігіміздің өзектілігін арттыра түсуде», - деп атап өтті Е.Қарин.

ҚСЗИ басшысының айтуына қарағанда, осы бағытта Қазақстан үлкен жұмыстар атқаруда.

Ұзақ уақыт бойы әскери басқару үнемі жетілдіріліп, әскери жабдықтар сатып алу жүйесі жаңғыртылып келді. Жаңа қару-жарақтар пайда болуда. Мамандарды оқытудың жаңа жүйесі енгізілді. Әскери жаттығулардың жаңа жүйесі жүзеге асырылуда. Осы шаралар, жүйелі реформалар Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерін жаңғыртуға мүмкіндік береді, деп есептейді ол.

«Бұрын әскери жаттығулар бір жоспар бойынша өте беретін. Ол жаттығуға емес, бір полигонда өтетұғын жай ғана атысқа ұқсайтын. Былтырдан бастап, жаңа әдістер қолданыла бастады. Жоспарлы емес тексерістер арқылы әскери құрылымдар мен күштердің дайындығы сараланады. Осы жаттығулардың барысында түрлі әскери құрылымдардың бірлесіп іс-қимыл жасау мүмкіндіктері бағаланады: жеделдік, өзара түсіну, жеткізу және ұйымдастыру. Нақты әскери маневрлер қолданылады. Бұл сауалдардың барлығы кәсіби тұрғыда жақсарып келе жатқандығын көріп отырмыз», - деді сарапшы.

«Дегенмен әлі де болса мәселелер бар. Бұл жаңа техникамен қамту мәселелері. Мұнда бір маңызды аспекті бар - ол ішкі резервтерді қамтамасыз ету. Соңғы кезде Үкімет әскери техника шығаратын өз өндірістерімізді және шетелдік зауыттарды елімізде салуды қолға алып отыр», - деп атап өтті Е.Қарин.

Оның ойынша, осы бағыттағы жұмысты жалғастыра беру керек.