Әлемдегі ірі күн қондырғысы жұмыс істей бастады

АСТАНА. 18 сәуір. ҚазАқпарат - Сауд Аравиясында австриялық компаниялар орнатқан әлемдегі ірі күн қондырғысы жұмыс істей бастады, деп хабарлады Лента.ру.

Әлемдегі ірі күн қондырғысы жұмыс істей бастады

Жобаны «жасыл» энергияға мамандандырылған GREENoneTEC және  AEE Intec компаниясы жүзеге асырды.

2011 жылдың ортасынан бастап стансада жабдықтарды тестілеу жүргізіліп, оны бірнеше қайта іске қосып көру ойдағыдай өтті. Станса суды жылытып, Эр-Риядтағы   астаналық университетті (Riyad's Princess Noura Bint Abdulrahman University) жабдықтайтын болады.  

Стансыда құмды дауылдан қорғайтын заманауи жүйелер көзделген. Оның күн панельдерінің ауданы 36 мың шаршы метрді құрайды. Жобаның құны 4,7 миллион долларға түсті. Green Prophet компаниясының атап өтуінше, таяудағы жиырма жылдың ішінде Сауд Аравиясы күн стансаларынан алынған электр энергиясының ірі экспорттаушысына айналуы мүмкін.

Сәуірдің ортасында Жапония Кагосима префектурасында күн электр стансасы салынатынын хабарлады. Нысанның қуаты 70 мегаватт болмақ. Nur Energie компаниясы 2016 жылы Тунистің аумағындағы Сахара шөлінде қуаты екі гегаватт болатын күн электр стансасының құрылысын аяқтауды жоспарлап отыр. Станса электр энергиясымен Еуропада 700 мың үйді қамтамасыз етпек.

Калифорниялық Авенпахта да ірі осындай станса салуға құлшынып отыр. Оның қуаты 392 мегаваттқа жетпекші. Станса құрылысы 2011 жылы басталып, 2013 жылы аяқталуы тиіс болатын, алайда жұмысты бастау шөлдегі тасбақалардың құрып бара жатқан сирек түрін қорғау қажеттігінен кейінге қалдырылды.