Әлемдегі қонақүйлері ең таза қалалар анықталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Hotel.info сайтының мамандары өздерінің арнайы зерттеулерін жүргізу арқылы әлемдегі ең таза қонақүйлерді анықтады, деп хабарлайды mignews.com.
Зерттеу нәтижелері бойынша, тазалығы жағынан Токио қаласындағы отельдер алдыңғы орынға шыққан. Жапония астанасындағы қонақүйлерде тазалық жағы ең жоғарғы көрсеткіштерге ие екен.
Ал Еуропадағы Варшава, Братислава және София тазалық пен жайлылық іздеген туристер үшін ең тиімді қалалар болмақ. Себебі, тазалық көрсеткіші бойынша бұл үш шаһар сәйкесінше 8,76, 8,54 және 8,54 баллға ие болды. Ал әлемді тамсандырған Париж тазалық жағынан ақсап жатқан сыңайлы. Мұндағы қонақүйлерге келушілер 10 баллдық жүйе бойынша олардың тазалығын тек 7,63 баллға ғана бағалады. Сонымен қатар Лондон, Осло, Амстердам және Копенгаген тәрізді ел астаналарының отельдері де туристердің көңілінен шықпайтындарын көрсетті: олардағы тазалық деңгейі сәйкесінше небәрі 7,52, 7,53, 7,58 және 7,60 баллға ғана лайық деп танылды.