Әлемдегі коронавирус: Әзербайжанда ковид төлқұжаты енгізілді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Әзербайжанда ковид төлқұжаты енгізілді. Әрбір үшінші американдық коронавируспен ауырған болуы мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ВАК-тың Telegram парақшасына сілтеме жасап.

Әлемдегі коронавирус:  Әзербайжанда ковид төлқұжаты енгізілді

Әзербайжанда мейрамханалар мен сауда орталықтарына барған кезде талап етілетін міндетті ковид төлқұжаты енгізілді. Бұл құжат үйлену тойына барған кезде де қажет болады. Мұндай талап елдегі Министрлер кабинетінің қаулысымен қабылданды.

АҚШ. Эпидемиологиялық модельдеу әрбір үшінші американдықтың 2020 жылы коронавируспен ауырған болуы мүмкін екендігін көрсетеді. Ғалымдардың пікірінше, өткен жылы 110 миллионнан астам АҚШ тұрғыны SARS-CoV-2 вирусын жұқтырған болуы әбден мүмкін, мұндай зерттеу нәтижесін Nature ғылыми журналы жариялады.

ДДҰ Колумбияда анықталған коронавирус штамын мониторингілеу тізіміне енгізді. Ол грек алфавитінің «мю» әрпімен белгіленген. Бұл тізімдегі штамдар аурудың жұқпалылығына, ауыр ағымына әсер ететін генетикалық өзгерістерге, сонымен қатар иммунитет және диагностикалау мен терапиядан алшақтау мүмкіндіктеріне ие.