Әлемдегі мүгедектердің шамамен 80 пайызы дамушы елдерде тұрады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлемдегі мүгедектердің шамамен 80 пайызы дамушы елдерде тұрады. Бұл туралы бүгін «Мүмкіндіктері шектеулі адамдарды әлеуметтік бейімдеу және интеграциялаудың оңалту технологиялары мен инновациялары» халықаралық конференциясы барысында БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілінің орынбасары Мунхтуя Алтангерел айтты.
«Бүгінгі таңда әлемдеге мүмкіндігі шектеулі адамдардың саны шамамен бір миллиардқа жуықтайды. Олардың 80 пайызы дамушы елдерде тұрады. Бүгінгі біздің конференциямыздың басты тақырыбы болып отырған технологиялар мен инновацияларға қолжетімділік олардың қоғамдық өмірдің толыққанды мүшесі болуын қамтамасыз ететін басты шарт екендігі анық», - деді ол.
Оның атап өтуінше, мүмкіндігі шектеулі жандар мен оларға жағдай жасаумен айналысатын қоғамдық ұйымдардың ұсыныстары мен пікірлерін барша қоғамға жеткізу де барынша маңызды.
«Сондықтан БҰҰ Даму бағдарламасы мемлекет тарабынан Мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласындағы үйлестіру кеңесі, министрлер мен әкімдердің мүгедектер мәселелері жөніндегі кеңесшісі институты сынды бастамаларды, сонымен қатар «галстуксыз» форматтағы министрлердің үкіметтік емес ұйымдар басшыларымен кездесуі сынды ұсыныстарға қолдау білдіре береді», - деді М.Алтангерел.