Әлемдегі өлім-жітімнің 71 пайызы үш түрлі ғана сырқаттан болады - дәрігер
Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрайымы Роза Қуанышбекованың айтуынша, денсаулық үшін негізгі қауіп - көп қозғалмайтын өмір салты, холестериннің жоғары деңгейі, темекі шегу, алкоголь тұтыну.
«Жүрек-қантамыр, респираторлық аурулар мен қант диабеті әлемдегі барлық өлім-жітімнің 71%-ын құрайды. Олардың алдын алу көп жағдайда адамның өзіне байланысты. Бұл - тек салауатты өмір салты, дене қимылының белсенділігі, дұрыс тамақтану ғана емес, сондай-ақ дәрігерге уақытында қаралу, үнемі медициналық тексерілуден өту және дәрігердің ұсынымдарын орындау. Осының барлығы - денсаулықты сақтау және ұзақ өмір сүру, аурулардың алдын алу үшін қажет», - дейді дәрігер.
Спикердің сөзінше, Қазақстанда 2013 жылдан бері Ауруларды басқару бағдарламасы (АББ) бар. Бұл бағдарламаға тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар дүниежүзінде ең кең таралған аурулар, яғни артериялық гипертензия, созылмалы жүрек кемістігі, 2 типті қант диабеті енді.
Құрамында учаскелік дәрігер, мейіргер, әлеуметтік қызметкер, Салауатты өмір салты орталығының қызметкері және психолог кіретін емхананың мультитәртіптік тобы пациентті ауруды асқындырмау үшін өз денсаулығын басқаруға, үйге шақырылатын жедел медициналық көмектің санын азайтуға үйретеді.
«ҚР Денсаулық сақтау министрлігі біздің институтқа Бағдарламаны ұйымдастыру-әдістемелік сүйемелдеу, өңірлерде оны енгізу жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру, АББ индикаторларының электрондық базасы бойынша бағдарлама индикаторларына мониторинг жүргізу үшін жауапкершілік жүктеген», - дейді Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрайымы Роза Қуанышбекова.
Спикердің сөзінше, бүгінгі таңда осы бағдарламадағы пациенттер жақсы нәтижелерге қол жеткізді: олардың қан қысымы тұрақтанды, холестерин мен глюкоза көрсеткіштері жақсарды, олар жедел жәрдемді сирек шақырып және ауруханаға сирек жатқызылатын болды.
«2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша бағдарламаға қатысатын артериялық гипертензия, созылмалы жүрек кемістігі және қант диабет бар пациенттерді қамту 57,4%-ға жетті. Мұнда әрбір пациенттің АББ - ға ресми түрде тартылуы маңызды. Мамандарды оқытуға да көп көңіл бөлу қажет. Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының мамандары 2021 жылдың ішінде аралас форматта 7 өңірдің мультитәртіптік командаларының 665 қызметкерін, олардың ішінде 246 дәрігер, 419 орта медицина қызметкерін оқытты. Оқытылған мамандар өз кезегінде жұмыс орындарында өздерінің әріптестерін оқытады»,- Роза Қуанышбекова.