Әлемдегі шиеленістерді шешу әдісін жаңғырту қажет - Ресей делегациясының басшысы В.Воронков
АСТАНА. 28 қараша. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Астана Саммитінде Еуроатлантикалық кеңістіктегі елдердің қарым-қатынастарының негізіндегі базалық ұстанымдарды бекітіп алған жөн.
Әңгіме қауіпсіздікті бөліп алуға болмайтындығында және өзгелердің есебінен өз қауіпсіздігіңді қамтамасыз етпеу міндеті жөнінде болып отыр. Бұл туралы бүгін Астанада өткен ЕҚЫҰ саммитінің Шолу конференциясының пленарлық мәжілісінде Ресей делегациясының басшысы Владимир Воронков мәлім етті.
Оның сөзіне қарағанда, Лиссабонда қабылданған Ресей-НАТО Кеңесі Саммитінің мәлімдемесі тап осы мақсатқа негізделген.
«Сонымен қатар әскери-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету ісін де жалғастыру керек. Ал 2011 жылы Вена құжатының жаңа түрінің қабылданатынына себеп жеткілікті. «Корфу пікірталасы» әлемдегі шиеленістерді шешу әдісін жаңғырту қажеттігін көрсетті. Алайда бұл ретте жаңғыртамын деп бар нәрсенің өзінен ажырап қалу қаупі бар екендігін есте ұстаған жөн. Өйткені ЕҚЫҰ-ның осыған дейінгі саммиттеріндегі қабылданған шешімдер жағдайды оңалта алмады. Шиеленістерді біреуге таңудың керегі жоқ. Одан да олардың шешу жолдарын іздестірген жөн, оны әсіресе араздасушы тараптардың өздері іздестіргендері дұрыс. Біз шиеленістерді реттеудің бірыңғай принциптерін бойынша өзара келісім қажет деп есептейміз. Біздің бұл ұсынысымыз қазір талқылануда. Ол бойынша Саммит өткен соң нақты байламдар жасалады деген ойдамын», деді Ресей өкілі.