Әлемдегі студенттер спорт қауымдастықтарының өкілдері Алматы Универсиадасының басталуын асыға күтуде (ФОТО)
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Польшаның Вроцлав қаласында Еуропаның студенттер спорты қауымдастығы Бас Ассамблеясының (EUSA) отырысы өтті. Онда қатысушылар 2017 жылы Алматы қаласында өтетін қысқы Универсиада ойындарына дайындық және оған қатысу мәселелерін талқылады. Бұл туралы бүгін 2017 жылғы қысқы Универсиаданы ұйымдастыру және өткізу бойынша дирекцияның баспасөз қызметінен хабарлады.
Жиналыста EUSA Бас хатшысы Матьяж Печовник еуропалық мемлекеттердің қатысуы және 2017 жылғы Универсиаданың мол мұрасы жайлы сөз қозғады.
«2017 жылы Алматы қаласында өтетін қысқы Универсиадаға көптеген еуропалық мемлекеттердің қатысатынына қуаныштымын. Универсиадаға қатысу - жас спортшылар үшін үлкен тәжірибе. Универсиаданың спорттық нысандары жарыс аяқталған соң Алматы тұрғындарына қолданысқа берілетіндігіне ризамын. Өзім де, алдағы Универсиаданың басталуын асыға күтіп жүрмін», - деді Матьяж Печовник.
Сонымен қатар, жиналыс барысында шет елдік студенттер спорты федерацияларының өкілдері Алматы қаласында өтетін Универсиадаға қатысу жайлы өз ойларын ортаға салды.
«Ұлыбритания делегациясы 80-ге жуық спортшыдан тұрады. Біздің спортшылар хоккей (ерлер және әйелдер арасында), керлинг (ерлер және әйелдер), тау-шаңғы спорты, шаңғы жарысы, сноуборд, фристайл және мәнерлеп сырғанаудан жақсы нәтиже көрсетеді деген сенімдеміз. Алдағы жарысты асыға күтіп жатырмыз», - деді өз сөзінде Британ университеттері мен колледждеріндегі спорттық одақтың халықаралық бағдарламалары бөлімінің жетекшісі Нил Роджерс.
Германияның Ұлттық студенттер спорты федерациясының басшысы Феликс Арнольд жарысқа ең жас құрамды жіберетіндіктерін жеткізді.
«Біздің құрама 30-40 спортшыдан тұруы мүмкін. Әрине, біз ең мықты құрамды жібергіміз-ақ келеді. Бірақ біз ең жас құрамды жіберуді ұйғардық. Осылайшы, жас спортшыларымызды алдағы уақытта болатын үлкен додаларға дайындағымыз келеді. Дәл қазіргі уақытта біздің спортшылар үздік нәтиже көрсету үшін дайындалып жатыр. Алматыға келуді тағатсыздана күтіп жүрміз", - деді ол.
Айта кетелік, Уганда спортшылары қысқы Универсиада ойындарына тұңғыш рет қатысады.
Африканың Студенттер спорт федерациясының өкілі Алигавеса Кабенге жарысқа қатысудың маңыздылығына тоқталды.
«Алматыдағы Универсиадаға қатысатындығымыз бізді қуаныштты. Бұл Универсиада біз үшін ерекше болайын деп отыр. Біздің кейбір студенттер шет елде оқып, қысқы спорт түрлерімен айналысқан. Енді олар осындай үлкен додаға қатысып, Уганданың намысын қорғайды», - деді ол.
Қытайдың студенттер спорты федерациясы директорының орынбасары Шэнь Чжэннің ақпараты бойынша, Қытай алдағы Универсиадаға өз тарихында тұңғыш рет ең мықты құрамды жібермек ниетте.
«Алматыда Азия ойындарының қалай өткендігіне қарап, біз бұл қаланың Универсиаданы да жоғары деңгейде өткізетіндігіне сенімдіміз. Қысқы Универсиада тарихында Қытай осы жолы өзінің ең мықты құрамын жібереді. Менің білуімше, Алматыда керемет спорт нысандары мен Атлеттер қалашығының құрылысы жүріп жатыр. Қытай делегациясы 150 спортшыдан және ресми өкілдерден құралады», - деді ҚХР студенттер спорты федерациясының өкілі.
Жиналыс барысында, Грузияның студенттер спорты федерациясының өкілі Александр Гугава өз елінің спортшыларының дайындығы жайлы: «Дәл қазір алдағы жарысқа қызу дайындық үстіндеміз. Біз скай кросс, сноуборд кросс, слоупстайл және тау-шаңғы спортының барлығына қатысамыз. 2017 жылы Универсиада Алматы қаласында өтетіндігіне қатты қуаныштымыз», - деді.
Ал Украинаның физикалық білім мен спорт комитетінің басшысы Михайло Мельник дәл қазіргі уақытта спортшылар алдағы жарысқа дайындалып жатқандығын жеткізді.
йУкраина делегациясы 70-80 спортшыдан құралады. Алдағы ойындарға қызу дайындық жүргізудеміз. Біз биатлоннан, шаңғы қоссайысы және мәнерлеп сырғанаудан медаль аламыз деген сенімдеміз. Біз Қазақстанның қонақжайлылығын білеміз, Алматыға келуді асыға күтудемізй, - деді М. Мельник.
Ресейдің студенттер спорты одағының атқарушы директоры Дмитрий Киселев болса, Алматыдағы жарысқа 300 адамнан тұратын делегация келетіндігін айтты.
«Бұл ең үлкен ұлттық құрама болмақ. Ресей ертеден Бүкіләлемдік Универсиадаға қатысуға аса үлкен жауапкершілікпен қарайды. Біз үнемі әлемдік деңгейде онша дамымаған қысқы спорт түрлеріне алдағы уақытта тәжірибе жинақтау үшін қатысамыз. Ресей құрамасы Алматыға толық құраммен келуге тырысады. Бізден 300-ге жуық өкіл келеді. Қазақстан - біздің ертеден бергі әріптесіміз. Осы Универсиада арқылы, болашақта Олимпиада ойындарында сайысқа түсетін құрамамызды жасақтап алуға тырысамызй, - деді сөз соңында Д. Киселев.
Айта кетелік, Алматы қаласындағы қысқы Универсиада 2017 жылдың 29-шы қаңтары мен 8-ші ақпаны аралығында өтеді.
Оған әлем елдерінен 2000-ға жуық спортшы қатысады деп күтілуде. Жарыстар 8 спорт нысанында спорттың 12 түрінен: биатлон, шаңғы спорты, керлинг, конькимен жарыс, шаңғы қоссайысы, шаңғы сайысы, шаңғымен тұғырдан секіру, сноуборд, мәнерлеп сырғанау, фристайл, шайбалы хоккей және шорт-тректен өтеді.
Универсиада барысында 3000 волонтер жұмыс атқарады.
Шет елдерден 30 мыңға жуық турист келеді деген болжам бар. Трансляция әлемнің 80 елінде жүргізіледі. Жарыстарды 1 млрд жуық көрермен тамашалайды.