Әлемдегі танымал ғалымдар Астанада Елбасы мақаласын талқылайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - АҚШ, Еуропа мен Азия елдерінің танымал ғалымдары Халықаралық Түркі академиясы (TWESCO) ұйымдастырып жатқан «Ұлы дала» ІІ Халықаралық гуманитарлық ғалымдар форумы барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын талқылайтын болады. Бұл туралы TWESCO баспасөз қызметі хабарлады.

Әлемдегі танымал ғалымдар Астанада Елбасы мақаласын талқылайды

26 мамыр күні Астанада өтетін Халықаралық форум Елбасының бағдарламалық мақаласындағы негізгі тезистер мен міндеттерді талқылауға арналған.

Екінші рет өткізілгелі жатқан форумның жұмысына халықаралық ұйымдардың басшылары мен өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, дипломаттар, сондай-ақ сарапшы-ғалымдар қатысады деп күтілуде.

Атап өтейік, ғылыми іс-шара аясында рухани жаңғыру жолдары, ғылыми интеграция мен жалпы құндылықтар, әлемдік өркениеттегі түркі мәдени мұрасы, түркі тілдері мен әдебиетін зерттеу мен дәріптеу, сондай-ақ тарихи естеліктер тақырыптары бойынша 6 секция өткізіледі.