«Әлемді өзгертетін идеялар» білім беру жобасының алғашқы қатысушылары сертификатқа ие болды
Сертификаттар мен естелік сыйлықтарды мектеп оқушыларына Қазақстан Республикасының Президенті Кеңсесінің Бастығы - «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының кітапханасы» ММ директоры міндетін атқарушы - Махмұт Қасымбеков тапсырды.
«Өздеріңіз білесіздер, сайлаудың алдында Елбасымыз өзінің бағдарламасында бес институционалдық реформа туралы айтқан болатын. Ол реформалар мамыр айынан бері іске асырыла бастады. Премьер-Министр басқаратын Ұлттық комиссия құрылған болатын. Біздер осы кітапхананың мүмкіндігін пайдаланып Қазақстан бойынша семинар-тренингтер өткізуді жоспарладық. Бұл шараға бүкіл Қазақстанның мектептерінен балалар келетін болады. Ылғи оқу озаттары мен алдыңғы қатарлы белсеңді болып жүрген оқушыларды жинаймыз біз осында. Онымен қоса барлық жоғары оқу орындарының екінші үшінші курсының студенттерін шақырып отырмыз. Бұл оқу оныншы қазаннан бастап барлық Қазақстанның түкпір-түкпірінен келетін жастарының алдында өткізілетін болады. Ондағы біздің мақсат - Елбасының құрып отырған жоспарын оқушылар мен студенттерге түсіндіру.
Егерде біз Мемлекет басшысы белгілеп берген 100 қадамды іске асыратын болсақ, үлкен оңды өзгерістер болады. Оның қызығын көретін де оны іске асыратында сіздер боласыздар», - деген М.Қасымбеков жастарға үлкен үміт артылатынын айтты.
Сондай-ақ, М.Қасымбеков ұстаздар қауымын келе жатқан төл мерекесімен құттықтады. Олардың кәсібі адамзат үшін, соның ішінде өз еліміз үшін айрықша маңызға ие екенін атап өтті.
Астана қаласы мектептерінің 9-10-сыныптарының 50 оқушысы екі күн бойы ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясының қызметі, ҚР Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» РММ, Л.Н. Гумилев ат. ЕУҰ ғалымдары, ғылым докторлары, профессорлары өткізген семинар-тренингтерге қатысып, «Кәсіби мемлекеттік аппарат құру», «Заңның үстемдігін қамтамасыз ету», «Индустрияландыру және экономикалық өсім», «Біртұтас болашақ ұлты», «Есеп беретін мемлекетті қалыптастыру» тақырыптарында авторлық дәрістер курсын тыңдады.
Оқушылар зор қызығушылық танытып, сабақтар барысында оқытушыларға көптеген сұрақ қойды. Қатысушыларға тәжірибе сабақтарын интерактивтік үстелдерді пайдалана отырып, Елбасы кітапханасының қызметкерлері жүргізді. Балалар үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі мен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті музейіне экскурсиялар ұйымдастырылды.
«Әлемді өзгертетін идеялар» білім беру жобасы Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың бес институционалдық реформасын жүзеге асыруға арналған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын, жаһандық бастамалары мен концептуалдық идеяларын зерттеуге бағытталған.
Екі күндік семинар-тренингтер 2016 жылдың 1 шілдесіне дейін жүргізіледі. Жоғары оқу орындарының студенттері үшін сейсенбі, сәрсенбі күндері, колледж және мектеп оқушылары үшін бейсенбі, жұма күндері ұйымдастырылады.
Семинар-тренингке қатысушылар - Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарының 2-4-курс студенттері, Астана және Алматы қалалары мен барлық облыстарының жалпы білім беру мектептері, колледждерінің оқу озаттары, белсенділері, дарынды балалары. Жалпы 3 000 астам адам қатысады деп күтілуде.