«Әлемді өзгертетін идеялар» семинарының алғашқы сертификаттары табысталды (ФОТО)

«Әлемді өзгертетін идеялар» атты білім беру жобасы - Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың бес институционалдық реформасын жүзеге асыру үшін әзірленген «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын зерделеп, осы бағытта нақты идеяларға серпін беру мақсатында басталған жоба.
«Жоба аясында ұйымдастырылған негізгі шаралардың бірі - еліміздің өңір-өңірінен келген оқушылар мен студенттерге арналған семинар-тренинг болды. Аймақтардағы университеттер мен орта білім ұйымдарымен жасаған келісімге сай, әр облыстан 25 жас келіп, тренингке қатысуы керек. Бір келгенде екі облыстың жастарын қабылдаймыз»,-дейді жоба туралы айта келе Тұңғыш Президент кітапханасы директорының орынбасары Жапсырбай Қуанышев.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, алғашқы семинар 1 қазаннан басталған. Жалпы, келесі жылдың 1 шілдесіне дейін барлық аймақтан өтініш берген студенттер мен оқушылар осы тренгингке қатысып үлгеруі керек.
«Болашағымыз жастардың қолында деп көп айтамыз, міне, сондықтан да, жастар бүгіннен бастап-ақ қандай салада қызмет ететінін, ол салаға қандай жаңалықтар әкелетінін ойлана беруі керек. «Әлемді өзгертетін идеялар» атты семинар-тренингте осы және өзге де мәселелер бойынша жастар арасында пікір алмасу өтеді. Лажы болса, өңірлердегі оқу орындары әлеуметтік жобаларға белсенді араласып жүрген, оқуда озат жастарды таңдап жіберсе екен», - дейді кітапхана өкілі.
Айта кетейік, 1 қазаннан бастап елорданың оқу орындары мен мектептерінен 100 бала осы семинар-тренингке қатысқан. 15-16 қазан күндері тренгингке Алматы қаласы мен Оңтүстік Қазақстан облысының жастары жиналса, 20-23 қазан күндері шығыс және батыс өңірлерінің жастары идеялар алмасады.