02:30, 03 Қазан 2013 | GMT +5
Әлемді таңғалдырған егіз спортшылар
АСТАНА. 3 қазан. ҚазАқпарат - Спортты отбасылық өнерге айналдырғандар өте көп. Солардың арасында бір күнде, бір сағатта туған әлемге әйгілі егіз сайыпқырандар жетерлік. Егіздердің спорттағы баспалдағына қарап отырып, талай қызыққа куә боласыз. Бірі ешқашан сыңарынан алыстамаса, келесісі бір-біріне қарсы ойнаған, деп хабарлайды alaman.kz спорт тарихындағы егіздерге қатысты ең қызық деректерді ұсына отырып.

Сергей мен Анатолий Белоглазов
- Егіздер туралы сөз болғанда ең әуелі еске еркін күрес шеберлері Сергей мен Анатолий Белоглазовтар еске түседі. Сережа мен Толяның үлкен спорттағы алғашқы қадамы 14 жасында басталды. КСРО-ның еңбек сіңірген бапкері Гранит Таропин Сережа мен Толяның бойынан тұнып тұрған талантты байқайды. Сөйтіп, оларды еркін күрестің әдіс-тәсіліне баулуға кіріседі. Бастапқыда Сергей де, Анатолий де бір салмақ дәрежесінде белдесетін. Кейінірек бапкері оларды екі салмаққа бөліп, Сергей сыңарына қарағанда ауыр салмақта күш сынасты. 1980 жылы Мәскеуде өткен Олимпиадада егіздер тұңғыш рет дүбірлі доданың алтынын жеңіп алды. Әуелі Толя мықтылығын дәлелдесе, сәл кейінірек Сережа Олимп шыңына шықты. Мұндай жағдай еркін күрес тарихында бұрын-соңды болмаған еді. Лос-Анджелестегі Олимпиадаға (1984 жыл) КСРО бойкот жариялауына байланысты Белоглазовтар АҚШ-қа бара алған жоқ. Ал Сеул Олимпиадасында (1988 жыл) Сергей екінші мәрте алтын медальға қол жеткізді. Толя 4 рет, Сережа 6 мәрте әлем чемпионы атанды.
Павол мен Петер Гохшорнерлер
- Каноэде жұптасып ескек есуден словакиялық Павол мен Петер Гохшорнерлерге тең келетін жан жоқ бүгінде. Егіздер Олимп шыңына тұңғыш рет Сиднейде (2000 жыл) көтерілді. Төрт жылдан кейін Афины Олимпиадасында (2004 жыл) Павол мен Петердің тағы да жолы болды. Бейжіңде (2008 жыл) ағайынды Гохшорнерлер үшінші мәрте Олимпиада чемпионы атанды. Олар - үш рет дүбірлі доданың үздігі атанған тұңғыш егіздер. Лондонда (2012 жыл) Павол мен Петер жүлделі үшінші орынға ие болды. Ағайынды Гохшорнерлердің әлем чемпионатындағы жетістігі де бір төбе. Олар 6 алтын, 2 күміс, 4 қола жүлдеге қол жеткізді. Әлем кубогында 10 мәрте мәреге өзгелерден оқ бойы алда келді. Бұл - каноэде жұптасып ескек есуден абсолютті көрсеткіш.
Джоэль мен Хенрик Лундквист
- Швециялық хоккейшілердің арасында танымал егіз спортшылар жетерлік. Джоэль мен Хенрик Лундквисттер - Ұлттық хоккей лигасындағы үздік ойыншылардың бірі. Хенрик Туринде өткен Олимпиадада (2006 жыл) алтын медальға ие болды. Ол Швеция қақпасын қорғаған-тұғын. Бүгінде Хенрик «Нью-Йорк Рейнджерс» клубында өнер көрсетеді. Оның егізі Джоэль «Фрёлунда» клубының ойыншысы. 2006 жылы 14 желтоқсанда егіздер бір-біріне қарсы ойнады. Швециялық тағы бір егізДаниэль мен Хенрик Сединдер де Турин Олимпиадасының жеңімпазы. Ең қызығы, егіздердің жұбы жазылған емес. Екеуі де «Ванкувер Кэнакс» клубының намысын қорғайды. Тіпті, ұлттық құрама сапына да бірге шақырылды. Биыл Швеция мен Финляндияда өткен әлем чемпионатында Даниэль мен Хенрик бас жүлдені жеңіп алды.
Даниэль мен Хенрик Седин
ҰҚЛ-да тер төккен егіздердің саны мұнымен шектелмейді. Атап айтар болсақ, америкалықтар Крис пен Петр Ферраро, канадалықтар Райан мен Крис Рассел және Рич пен Рон Саттер, швециялық Патрик пен Петр Сундстрем секілді хоккейшілер бар.
Фил мен Стив Маре
- 1984 жылы Сараеводағы қысқы Олимпиада ойындары кезінде қызық жағдай болды. Слаломмен тау шаңғысы арқылы сырғанаудан АҚШ-тың қос спортшысы алтын мен күмісті өзара бөлісті. Көмбеге Фил Маре бірінші жетсе, оның сыңары Стив жүлделі екінші орынға қол жеткізді. Югославиядағы байрақты бәсекеде америкалықтар 3 алтын, 2 күміс алғанын ескерсек, ағайынды Марелердің сіңірген еңбегі айтпаса да түсінікті. Сол оқиғадан төрт жыл бұрын Фил Лейк-Плэсид Олимпиадасында (1980 жыл) күміс медальға ие болған-тұғын.
Боб пен Майк Брайан
- Теннисшілер Боб пен Майк Брайандар Бейжіңдегі(2008 жыл) додада қола жүлдені місе тұтқан-ды. Жұптасып өнер көрсеткен егіздер Лондонда(2012 жыл) Олимп шыңын бағындырды. Майк Лондонда Лиза Реймондпен тізе қосып, аралас жұптасудан жүлделі үшінші орынға қол жеткізді. Брайандар жұбы Australian Open турнирін 6, French Open-ді 2, Wimbledon-ды 3, US Open-ді 4 мәрте жеңіп алды.
Рене мен Вилли Ван де Керкхоф
- Футболшылар арасында да егіздер жетіп артылады. Голландиялық Рене мен Вилли Ван де Керкхофтар екі мәрте Әлем чемпионатының күміс(1974, 1978 жылдар) жүлдегері атанды. 1976 жылы Югославияда өткен Еуропа біріншілігінде олар қола медальға қол жеткізді. Рене мен Вилли 1977-1978 жылғы маусымда «ПСВ» клубы сапында УЕФА кубогына ие болды. Екеуі де ФИФА түзген ең үздік 100 футболшының қатарына кірген.
Франк пен Рональд де Бур
- Франк пен Рональд де Бур Амстердамның «Аякс» клубы сапында Чемпиондар лигасы, Еуропа суперкубогы, құрлық аралық кубоктың жеңімпазы болды. Рональд Голландия құрамасы сапында 2000 жылы Еуропа чемпионатының қола жүлдесін жеңіп алды. Франк мұндай жетістікке үш рет(1992, 2000, 2004 жылы) қол жеткізді.
Рафаель мен Фабио да Сильва
- Жоғарыдағыдан бөлек жасыл алаңда ала допты ұршықша үйіріп жүрген ресейлік Василий мен Алексей Березуцкийлер және Владимир мен Михаил Бесчастныхтар, испан Хуанми мен Хосе Кальехондар секілді егіздер бар. Бразилиялық Рафаель мен Фабио да Сильвалар бір-біріне қатты ұқсайтыны сонша, бірде төреші ойын тәртібін бұзған Рафаельге ескерту жасаудың орнына Фабиоға сары қағаз көрсеткен.