Әлемді жаулаған жоба енді Қазақстанда

«Жаңалығы көп жаңа бағдарлама наурыздың 23-і күні ұлттың жоғын жоқтап, мұңын мұқтап жүрген «Қазақстан» Ұлттық арнасы арқылы көрерменге жол тартады. Жобаның түп негізі өзге елден алынғанмен өзіндік ерекшелігі бар, қазақи нышаны басым. Өзгеше жобаны тамашалау арқылы халықтың рухани деңгейі мен оның қажеттілігін аңғаруға болады. Себебі, «Жұлдызды сәт» көзден таса жүрген ерекше дарын иелерін қалың елге танытуды мақсат етеді. Ал Алтайдан Атырауға дейін созылған ұлан байтақ қазақ даласында ондай таланттардың мол екені айдан анық. Әйтседе халық арасындағы сол тума таланттардың танылмай жүргені қаншама?! Енді өзгелерден оқ бойы озық тұрған өнерді дәлелдеудің, дүйім жұртқа паш етудің үлкен мүмкіндігі туды. «Қазақстан» Ұлттық арнасы ұсынып отырған жаңа жоба «Жұлдызды сәт» ел ішінде жүрген беймәлім дарындардың жұлдызын жағып, бағын ашады. Бұл бағдарламаның түп негізі ағылшын жерінде қаланған "Britain's Got talante" яғни "Британия талантарға толы" атты мегажоба негізінде қолға алынды. Әлемнің 40-қа тарта елін тамсандырған дүбірлі доданың қазақша нұсқасында еліміздің әр қиырынан келген мыңдаған үміткер бақ сынайды. Олар арамызда жүрген қарапайым адамдар мен әр саланың мамандары. Үміткерлер тамылжыта ән салды, түрлі аспаптарда ойнап, мың бұрала биледі. Арасында адамның ойына түспейтін кез келгеннің қолынан келмейтін өнерімен таңдай қақтыратын үміткерлер бар. Айрықша өнерімен өзара сайысқа түсетін өнерпаздар бірнеше кезеңнен өтіп, ақтық сынға дейін жетуі тиіс. Қысқасы естімеген елде көп дүниеге куә боласыз. Бас жүлде 5 млн. теңге.
Өнерпаздарға төрелік ететін қазылар алқасының құрамында ҚР Халық әртісі Тұңғышбай әл Тарази, ҚР еңбек сіңірген әртісі Майра Мұхамедқызы мен Сидней олимпиадасының жүлдегері Ислам Байрамуқов бар. Халық даналығы «өнерге әркімнің-ақ бар таласы» дегенді тегін айтпаса керек. Жұмыр басты пенденің кез келгені шама-шарқы жеткенше өзінің өзгелерден ерекше екенін дәлелдегісі келетіні табиғи заңдылық. «Жұлдызды сәтте» қуаныштан жылағандар мен жобадан тыс қалғаны үшін көз жасына ерік бергендердің, еріксіз езу тартарлық көріністер мен әр түрлі тағдыр иелірінің өнерін тамашалай аласыз. «Бұрын соңды болмаған жаңа жоба «Қазақстан» Ұлттық арнасынан әр сенбіде, сағат 21:05 көрсетіледі. Ал жексенбі күні сағат 12.25 қапы қалғандар немесе қызыққа тоймағандар үшін бағдарлама қайталап ұсынылады. Әр бейсенбіде осы жобаның күнделігін көріңіздер. Басты бағдарламаға енбей қалған қызықты сәттерді күнделікте қамтуға тырыстық. Барлық көрерменді, ағайын-туысты «Жұлдызы сәтті» тамашалауға, бағы жанған дарындармен бірге қуануға және оларды қолдауға шақырамыз!», - деп хабарлады Ұлттық арнадан.
Мегажобаның директоры Кенже Жұманұлы.