Әлемдік ахуалға қарамастан былтыр экономикалық өсім 6 пайыздық деңгейде қамтамасыз етілді - С. Ахметов
АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлемдік ахуалға қарамастан былтыр экономикалық өсім 6 пайыздық деңгейде қамтамасыз етілді. Бүгін ҚР Президенті Н. Назарбаевтың қатысуымен өтіп жатқан Үкіметтің кеңейтілген отырысында баяндама жасаған ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов осылай мәлімдеді.
«Есепті кезең ішінде Үкіметтің жұмысы «Қазақстан-2050» стратегиясындағы міндеттерді іске асыруға бағытталды. Әлемдік экономикадағы қолайсыз жағдайларға қарамастан, біздің еліміз даму қарқынын сақтап қалды. Бұған ең алдымен Елбасының тапсырмасымен қабылданған дағдарысқа қарсы шаралар мен индустрияландыру бағдарламасының нәтижесінде қол жетті», -деді Премьер.
Үкімет басшысының айтуынша, әлемдегі экономикалық жағдай әлі де тұрақсыз болып қалуда. Экономиканың баяу өсімі мен дамыған елдердегі жұмыссыздықтың жоғары деңгейі, борыштық проблемалар экономикалық белсенділікке кері әсерін тигізіп келеді. Орнықсыз жаһандық сұраныс әлемдік тауар нарығына болжамсыздық әкелуде, бұл қазақстандық экспортқа да әсерін тигізіп жатыр.
«Бұл - біздің экономикамыз үшін айтарлықтай салмақты сынақ. Ең алдымен біздің сыртқы экономикалық секторымыз үшін. Ал былтырғы жылы қазақстандық экспорт ауқымы 4,6 пайызға кеміді. Дегенмен, Елбасының айқындаған стратегиялық экономикалық бағдары арқасында біз дамудың оң үдерісін сақтап қалдық. Оның ішінде жалпы ішкі өнім 6 пайыздық деңгейде қамтамасыз етілді. Ал инфляция 4,8 пайызда болды. Жұмыссыздық 5,2 пайызды құрады», - деді С. Ахметов.