Әлемдік азық-түлік нарығындағы жағдай өзгермесе алдағы онжылдықта дүниежүзіндегі ашаршылыққа ұшырағандар саны 1,5-2 есеге дейін артуы мүмкін
Бүгін елордада өтіп жатқан Халықаралық астық конференциясы барысында ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Арман Евниев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
А. Евниевтың айтуынша, Дүниежүзілік азық-түлік ұйымының есептік мәліметтеріне сәйкес, бүгінгі таңда әлемдегі ашаршылыққа ұшырап отырған халықтың саны 1 млрд. адамнан асқан. Бұл жер шары тұрғындарының 6-1 бөлігін құрайды. Егер әлемдік азық-түлік нарығындағы жағдай осы қалыпта жалғаса беретін болса, алдағы онжылдықта көптеген қиыншылықтар туындауы мүмкін. Бұл ретте, әлемдегі ашаршылыққа ұшырағандар саны 1,5-2 есеге дейін артатыны да болжанады.
«Сондықтан да, алдағы уақытта әлемдік өндіріс бойынша астық нарығындағы жауапкершілік арта түседі. Өйткені, астық өнімдері азық-түлік себеті бойынша ғана емес, мал шаруашылығы үшін де маңызды орынға ие», деді вице-министр.
Сонымен бірге, вице-министр былтырғы жылы қолайсыз ауа райына қарамастан Қазақстандағы жалпы астық жиыны 20 млн. тоннадан асқанын, бұл 2008 жылғы деңгейден 34 пайызға көп екендігін атап өтті. Оның айтуынша, былтырғы көрсеткіш елдің экспорттық әлеуетін 12,5-13 млн. тоннаға жеткізуге мүмкіндік береді.