15:22, 11 Наурыз 2009 | GMT +5
Әлемдік бірыңғай валютаны тиімді жүзеге асыру формуласын табу қажет ? Р. Манделл
АСТАНА. Наурыздың 11-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Әлемдік бірыңғай валютаны тиімді жүзеге асыру формуласын табу қажет.Бүгін «Еуразияның жаһандық қатерлер жүйесіндегі экономикалық қауіпсіздігі» атты тақырыпта өтіп жатқан ІІ Астаналық Экономикалық форумның барысындағы баспасөз мәслихатында Нобель сыйлығының иегері Роберт Манделл осылай мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Британия мен АҚШ жоспарларында әлемдік жүйеде ғаламдық бірыңғай валюта енгізу мәселесі қаралған болатын. Бірақ, бұл шара АҚШ тарапынан саяси мәселелер туындағандықтан, оның үстіне бұндай валютаны құру түсінігі және оның тиімділігі туралы жеткіліксіз жұмыстар қамтылғандықтан аяқсыз қалған болатын. Содан 20 жыл өткеннен кейін шамамен, 1965 жылдары долларға қатысты проблеманың бар екендігі анық байқалды. Өйткені, бірқатар мемлекеттер долларды сатып алса, АҚШ-қа долларды алтынға қарай конвертациялау мәселесі тұрды. Бұл жұмыстың өзі оңай болған жоқ. Бұл кезеңде де әлемдік валютаны енгізу мүмкіндігі туралы әңгіме қозғалып, оның алтын қорының кепілінсіз іске аспайтыны себепті идея ары қарай дамымай қалды. Шындығында, дағдарыс туындаған барлық кезеңдерде әлемдік бірыңғай валюта құру туралы сөз болып отырды. Ал бүгінгі күні бұны тиімді жүзеге асыру формуласын ойлап тапсақ, онда бұл өте дөп идея болатын еді», деді Р. Манделл. Сонымен бірге, Р. Манделл «Үлкен 20 ел тобы» осы мәселені талқылап, Халықаралық валюта қоры жанынан комитет құрса дұрыс болар еді деген ойын айта келе, «ҚР Президенті Н. Назарбаевтың әлемдік бірыңғай валюта жүйесін енгізу туралы идеясын қолдаймын», деді.