Әлемдік экономикада туындаған оқыс жағдайларға төтеп беру үшін Парламент Үкіметпен бірлесіп атқаратын шараларын жандандыра түсетін болады ? О. Мұхамеджанов

АСТАНА. Қаңтардың 8-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Әлемдік экономикада туындаған оқыс жағдайларға төтеп беру үшін Парламент Үкіметпен бірлесіп атқаратын шараларын жандандыра түсетін болады.
None
None
Бүгін Парламент Мәжілісінің жаңа 2009 жылғы бірінші отырысында сөз сөйлеген Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджанов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Сөз басында Төраға биылғы жылда да өткен жылдағыдай жемісті болатынына сенім білдіріп, былтыр ел дамуында жасалған қадамдарға тоқталып өтті. «Өткен жылы экономикада, саяси жүйеде, әлеуметтік секторда реформаны ынталандыратын заңдар қабылдадық. Біз, шын мәнінде мемлекетімізге қажетті қомақты жұмыс атқардық. Тұтастай алғанда, Қазақстан дамуының қазіргі кезеңі үшін стратегиялық маңызы бар бірқатар заңдар қабылданды. Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, «қабылданған шаралардың арқасында Қазақстанның экономикасы әлемдік дағдарыстың алғашқы толқынына төтеп бере алады». Осының барлығы мемлекеттің жаңа экономикалық жағдайларда да тұрақтылықтан айнымайтын берік қоры бары екендігінің айқын көрсеткіштері. Қазір біз соңғы кездердегі әлемдік экономикада туындаған оқыс жағдайлар биылғы жылы да жалғасуы мүмкін екенін негізге ала отырып, Үкіметпен бірге жұмысымызды жандандыра түсуіміз қажет», деді О. Мұхамеджанов. Осыған байланысты Мәжіліс Төрағасы Елбасының Дағдарысқа қарсы бірлескен іс-қимылдар жоспарын бұлжытпай орындауға күш жұмылдыру қажеттігін атап өтті. «Бұл шара заңнамалық деңгейде банк жүйесін одан әрі тұрақтандыруға, жылжымайтын объектілер нарығындағы проблемаларды шешуге, шағын және орта бизнесті қолдауға, агроөнеркәсіптік кешеннің дамуын ынталандыруға, сондай-ақ индустриялық және инновациялық жобаларды іске асыруға бағытталған шаралармен нық бекітілуге тиіс», деді Төраға.
Соңғы жаңалықтар