Әлемдік қауымдастық бірыңғай антитеррористік майдан құра алмай отыр - Лавров
МӘСКЕУ. ҚазАқпарат - Мәскеуде РФ Сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың 2016 жылғы дипломатия қорытындыларына арналған баспасөз мәслихаты өтуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігінің Мәскеудегі меншікті тілшісі.
Шараны ашқан Лавров әлем алдында тұрған террористік қауіптің жыл санап артып жатқандығына алаңдаушылық білдірді және халықаралық қауымдастықтың оған қарсы дәрмен көрсете алатын бірыңғай күшті құра алмай отырғандығына налыды.
«Қауіп-қатер әлі сейілген жоқ. Ең негізгі қауіп - өзінің қанқұйлы ісін жүзеге асырып отырған халықаралық лаңкестік. Терроризм мәселесі жүйелі бағытқа көшті. Халықаралық қауымдастық жұмылып, оған қарсы тұра алатын әмбебап антитеррористік майдан құра алмай отырғаны қынжылтады», - деді Лавров.
РФ СІМ басшысы атап өткеніндей, бұл проблема әлемге өзінің ғана құндылықтарын енгізіп, бірполярлы ықпал ету тұжырымдамасын сақтауға талпынып жүрген бір және бірнеше мемлекеттің мойнына артылатынын меңзеді. Лавровтың ойынша, Батыстың қазіргі құндылықтар жүйесі Ресей үшін келмейтіндігін атап өтті.
«Бұл біздің атадан балаға тарап келе жатқан құндылықтарымызға түбегейлі сай келмейді. Біз оны ары қарай да сақтап, өзіміздің кейінгі буындарымызға да таратуға құлықтымыз. Сыртқы саяси айқастардың орталығы бізге және көптеген өзге де елдерге жаңа батыс құндылықтарын қабылдауға талап қоятыны, адамдық көзқарас бойынша тым әдепсіз көрінеді, ал кәсіби халықаралық маман көзқарасы бойынша, бұл тіпті үлкен қателік және халықаралық қарым-қатынастағы өзінің ықпалын асыра бағалаушылық болып саналады», - деп түйді ойын РФ СІМ басшысы.