Әлемдік қоғамдастықтағы қазақстандық мәдениеттің рөлі талқыланды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін «Нұр Отан» партиясының ұйытқы болуымен «NurOtanTalks» алаңында жаһандық әлемдегі қазақстандық мәдениеттің рөлі жан-жақты талқыға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгінгі тақырып бір қарағанда қазіргі қазақстандық қоғамның проблемаларынан ажырап қалғандай көрінеді. Бұған қоса бұл тақырыптың біздің еліміз, жалпы кез келген мемлекет үшін стратегиялық мәні бар екендігін түсіну қажет. Қазіргі әлемдегі, әлемдік қоғамдастықтағы кез келген мемлекеттің рөлі әлемдік мәдениетке қосқан зор үлесімен айқындалады», - деді конференция жұмысын ашқан «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар, ол Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: қоғамдық сананы жаңғырту» атты мақаласында «Жаһандық әлемдегі қазақстандық мәдениет» жобасын жүзеге асыруды ұсынғанын еске салды. Ал бұл жоба Қазақстанды әлемге тек мұнай өндірумен ғана емес мәдениет саласындағы жетістіктерімен де танытудың жолы екендігін баса айтты.
Іс-шараға Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Арман Жүдебаев, 71-ші Халықаралық Канн кинофестивалінің «Үздік әйел рөлі» аталымы бойынша жеңімпазы, белгілі актриса Самал Еслямова, Нью-Йорк киноакадемиясының (MFA) түлегі, халықаралық және республикалық кинофестивальдердің лауреаты, режиссер, сценарист, актер, документалист Диас Әзімжан, «TSE Art Destination» арт-алаңы мен «Artios» креативті агенттігінің негізін қалаушы, өнертанушы, «Нұр әлем» Қазақстан ұлттық павильонындағы қазіргі заманғы өнер жиынтығы мен «Astana Art Show» халықаралық көрмесінің кураторы Дина Байтасова қатысты.