Әлемдік қоғамдастықтың көпшілігі Астана процесінің табысты боларына күмәнмен қарады - Әбдірахманов
«Көпшілігі қаңтар айында басталған Астана процесінің табысты боларына сенбеді. Дегенмен, Астана процесіне қатысушылардың күш-жігері мен табандылығының арқасында қазіргі уақытта осынау өте күрделі дағдарыстың бейбіт жолмен шешілеріне сенім бар. Бүгін Астана процесіне қатысушылар бейбітшілік пен тұрақтылықты қалпына келтіруде байыпты нәтижелерге қол жеткіздік деп мәлімдей алады. Олар мүмкін емес жағдайға қол жеткізді. Бұл бағыттағы күш-жігер Сириядағы деэскалация аймағының құрылуына себепкер болды. Дэскалация аймағының тиімді жұмыс істеуі Сириядағы зорлық-зомбылықтың ауқымы мен деңгейін айтарлықтай қысқартуға мүмкіншілік жасады. Бұл Астанадағы ең маңызды тәжірибелік нәтиже саналады», - деді Қайрат Әбдірахманов.
Сонымен қатар ол қауіпсіз аймақ құру кепілгер елдердің қол жеткізуге ұмтылған маңызды мақсат саналатындығын баса айтты.
«Халықаралық қауымдастық, ең бастысы барша Сирия халқы Астана келіссөздерінің 6-шы раундының алдын ала нәтижелерін түйіндеп, осынау күш-жігерге өздерінің объективті бағаларын бере алады. Біз кепілгер елдер, Сирия үкіметі мен сириялық оппозицияның қатысушылары байқаушылармен бірге Астана процесі аясында қол жеткізілген жағдайды сақтау үшін БҰҰ-ның үздіксіз қолдауымен оны мүлтіксіз жалғастырады деп сенеміз», - деді Қайрат Әбдірахманов.