«Әлемдік мінберде - қазақ тілі» - Баспасөзге шолу
***
«Егемен Қазақстан» газеті бүгін Қазақстандағы экономикасымен қатар, халқының әлеуметтік жағдайы тоқтаусыз дамып отырған Жамбыл облысының басшысымен болған сұхбатты жариялап отыр. Облыс басшысы Кәрім Көкірекбаев аймақтың экономикасы, ауыл шаруашылығындағы алыс-берісі, облыс орталығы - Тараз қаласының дамуы, Жамбыл облысы арқылы өтетін «Батыс еуропа-Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің бүгінгі жағдайы туралы ашық-жарқын әңгіме өрбіткен. Мысалы, «Егемен» жазып отырғандай, облыс азаматтарын баспанамен қамту мақсатында биыл бір Тараздың өзінде жалпы алағы 6 400 шаршы метрді құрайтын 65 пәтерлі бір тұрғын үй және Қордай ауданында 50 пәтерлі тағы бір үй пайдалануға берілген. Ал, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» дәлізінің не беріп отырғанын айта келе, әкім «осы даңғыл жолдың арқасында Тараз бен Алматы қалаларының арасындағы жолаушылар қатынасы жақсарды»,-деп атап өткен.Сұхбат сондай-ақ 11 қазанда Таразда өтетін ұлы той туралы әңгімемен өрбіген. "Тойдың Астанадан кейін Тараз қаласында өтетіні туралы Елбасы шешімін естіп, қуандым. Бірақ, бұл қуаныштың артында үлкен жауапкершілік тұрғанын сездім. Халқымызда «тойдың тамашасын бақпа, тағылымын бақ» деген сөз бар. Демек, 550 жылдығын атап өтудің негізгі алтын арқауы - ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, дәріптейтін іс-шаралар»,-деген әкім тойға дайындық барысы туралы тағы да көлемді жауабын ұсынған. Бұл туралы «Егемен Қазақстанның» бүгінгі нөміріндегі «Тойды тамашалап қана қойма, тағылымын да ал» деген сұхбаттан оқи аласыздар.
***
«Айқын» республикалық газеті бүгін назарымызға Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа жасаған сапары туралы қатар-қатар бірнеше мақала ұсынып отыр. Мысалы, газет Н.Назарбаевтың БҰҰ Бас ассамблеясының мерейтойлық 70-сессиясындағы баяндамасы туралы жаза келе, «Мемлекет басшысы ХXI ғасырда адамзаттың ең басты міндеті әлемді соғыс қатерінен мүлде арылтатын және оның себептерін жоятын стратегияны жүзеге асыруға тиіс екеніне назар аударды» деп жазады. Қазақстан Президенті Біріккен Ұлттар ұйымының жүз жылдығына Жаһандық Стратегиялық Бастама - 2045 жоспарын әзірлеуді ұсынғаны да белгілі. Осы және өзге де маңызды мәлімдемелер туралы жазған газет басымдықты Мемлекет басшысының баяндаманы қазақ тілінде жасағанына ерекше назар аудартып отыр. «Ал Елбасы әлемдік мінберде Ұлы дала елінің тілінде сөйледі. Осылайша, жалпақ әлем Елбасының арқасында жұмыр жер бетінде тек Қазақстан деген мемлекет барын ғана емес, оның рухты, әуезді ғажап тілі бар екеніне де куә болды. Мойындады», - деп жазады «Айқын». Бұл туралы «Әлемдік мінберде - қазақ тілі» деген мақаладан толық оқи аласыздар.
Ал ҚР Президенті Н.Назарбаевтың сапар қорытындысы ретінде БАҚ өкілдерімен кездесе отырып, қандай мәселелерге тоқталғанын білгіңіз келсе, газеттен «Мемлекет басшысы ҚОРЫТЫНДЫСЫН ЖАРИЯЛАДЫ» деген мақаламен таныс болыңыз.
БҰҰ Бас Ассамблеясының кезекті сессиясында әлемді алаңдатқан мәселелер айтылып жатқанда Алматы қаласында басқа жарыстардан өзгерек - аула сыпырғыштар бәйгесі өтіпті. Өзі жұмыс істейтін ауланың мінсіз тазалығын сақтай білген Мәнжуов текті азамат жарыстың бас бәйгесі - 200 мың теңгені олжалады. Ерекше жарыс туралы «Айқынның» бүгінгі нөміріндегі «Үздік аула сыпырушы атанды» деген ақпаратты оқыңыздар.
***
«Экспресс-К» басылымы да кешегі «Астана»-«Галатасарай» матчына өзінше талдау жасап, екі команданың мықты тұстарымен қатар, ақсап тұрған қырларын атаған. «Благо, Казахстан одним мизинцем в Европе - наш футбол нарабатывает класс. Перестает бояться, мандражировать, усиливается физически и даже ловит кураж. Закончившийся час назад матч против «недосягаемого» для нашего прошлого менталитета турецкого «Галатасарая» поднял дух казахстанских болельщиков до полуночных астанинских небес»,-деп жазады басылым. «Экспресс-К» бұл мақаласына «Рахмет за победу» деген тақырып беріп, сөз соңына «Это - рух, по-казахски» деген екен. Толығырақ басылымның бүгінгі санынан оқи аласыздар.