Әлемдік нарықтарда мұнай бағасы төмендеп кетті

АСТАНА. Тамыздың 11-і. ҚазАқпарат - Тамыздың 10-ындағы сауданың қорытындысы бойынша Нью-Йорк биржасында Light Sweet мұнайының ресми бағасы 1,23 долларға төмендеп, 80,23 доллар/баррельді құрады, деп хабарлайды РБК агенттігі.
None
None

Лондон биржасында мұнай бағасы тіпті 80 доллар/баррельден төмендеп кетті. Атап айтқанда, Brent мұнайының ресми бағасы, кешегі сауданың қорытындысы бойынша, 1,39 доллардан арзандап, 79,60 доллар/баррельді шамалады.

«Қара алтын» бағасының құлдырауына ең алдымен доллар бағамының нығаюы себеп болып отыр, дейді сарапшылар. Американ валютасының еуроға және басқа да жетекші әлемдік валюталарға қатысты бағамы өсуін жалғастыруда.

Оған қоса, шілде айында мұнайға деген сұраныстың біршама қысқарғаны туралы Қытайдан жеткен ақпарат та мұнай нарығына қысым жасады. Атап айтқанда, шілде айының қорытындысы бойынша Аспанасты елі 19 миллион тонна мұнай импорттаған, бұл соның алдындағы айда қол жеткізілген рекордтық көрсеткіштен - 22,27 миллион тонна - 3,1 пайызға төмен және 19,6 миллион тонна 2009 жылдың шілде айындағы көрсеткішке де жетпейді.

Соңғы жаңалықтар