Әлемдік операның примадоннасы Анна Нетребко Қазақстанда концерт беруде

АСТАНА. ҚазАқпарат - Опера өнеріндегі сұранысы ең жоғары әнші - Анна Нетребконың Қазақстанда алғашқы концертi өтуде. Әлемнің ең үздік сахналарын бағындырған ол бүгiн «Астана Опера» сахнасында Астана күні қарсаңында өнер көрсетiп жатыр.

Әлемдік операның примадоннасы Анна Нетребко Қазақстанда концерт беруде

"Мен қазақстандықтарды елорда күнiмен құттықтаймын. Өте көрiктi, тамаша, жаңадан салынған қала. Өкiнiшке орай, көргенiм аздау болды. Астанаға кеш келдiм де, тек көлiктiң iшiнде отырып, көрiп шықтым. Бұл қала туралы мен тек жақсы сөздердi естiген болатынмын. Мұнда тұратын адамдар өте қонақжай, ақкөңiл. Маған ұнайды. Барлықтарына денсаулық, бақыт, ұзақ ғұмыр тiлеймiн", - дедi әншi бүгiн концерт алдындағы брифингте.

Оның айтуынша, "Астана Опера" елордалық театры өзiнiң көрiгiмен оны қатты таңқалдырған. "Өте әдемi кешен. Театрдың сырты да, iшi де мiнсiз. Оркестр аса сезiмтал, менiң әндерiмдi мықты сүйемелдеп шыға бiлдi. Бiр дайындықтың өзiнен барлығы қолдан келдi. Театр туралы былтыр барлық журналдар жазды. Әлемнiң танымал таблоидтары мақала арнап жатты. Бұл керемет театрда ән салуға мүмкiндiк алғаныма қуаныштымын. Менiңше, аккустика жағынан мiн жоқ. Маған сахнада өте ыңғайлы болды", - деп атап өттi ол. Опера әншiсi болашақта да қайта келiп, тағы да Астана жұрты үшiн ән салуы мүмкiндiгiн жасырған жоқ. "Мен Астана Мариин театрымен тығыз байланыс орнатқандығын бiлемiн. Келешекте солармен бiрге келуiм бек мүмкiн. Астанадағы жобаларға қатысты бiрқатар ұсыныстар бар, бiз оларды қарап жатырмыз. Дегенмен барлығы уақыттың еншiсiнде", - дедi А. Нетребко. Анна Нетребко өзінің Қазақстандағы тыңдаушыларына арнап «Манон Леско» операсынан Манонның «In quelle trine morbide» арияларын, «Андре Шенье» операсынан Мадленнің «La mamma morta» арияларын, «Адриана Лекуврёр» операсынан Адриананың «Io son l'umille ancella» арияларын, «Су перісі» операсынан Су перісінің «Song to the Moon» арияларын және басқасын орындайды. Примадоннамен бірге сахнада өнер көрсететін кештің арнайы қонақтары - асқан шебер скрипкашы Вадим Репин (Бельгия) және Мариинский театрының солисті Ахмед Ағади (Ресей). Тыңдарман назарына ұсынылатын шығармалар: «Травиата» операсынан Stretta dell'introduzione et Brindisi «Libiamo ne'lieti calici», «Сыған қыздың» скрипка мен оркестрге арналған концерттік рапсодиясы, «Кармен» операсындағы тақырыптар Фантазиясы және т.б. Концерт «Астана Опера» симфониялық оркестрі мен хорының сүйемелдеуімен өтеді. Дирижерлық тізгінде - ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов. Хормейстер - ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов.