Әлемдік сандық нұсқадағы кітапхана ашылды
НЬЮ-ЙОРК-ПАРИЖ. Сәуірдің 22-сі. ҚазАқпарат /Әлия Алтынғазина/ - БҰҰ-ның Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі ұйымы 32 серіктес ұйыммен бірлесе отырып Әлемдік сандық нұсқадағы кітапхана ашты.
Бұл кітапхананың қорын кез-келген оқырман пайдалана алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат. www.wdl.org сайтында мәдениеттің бірегей туындыларымен, қолжазбалармен, карталармен, сирек кездесетін кітаптармен, фильмдермен, аудиожазбалармен және фотосуреттермен танысуға болады. Олардың ішінде ежелгі қытай мәтіндері, арабтың ғылыми трактаттары, 764 жылғы «Hyakumanto darani» жазбасы және басқа да мәдени құндылықтар бар. Әлемдік сандық нұсқадағы кітапхана жеті тілде ? ағылшын, араб, испан, қытай, португал, орыс және француз тілдерінде жұмыс істейді. Жобаны АҚШ Конгресі кітапханасының мамандары жүзеге асырып отыр. Ал техникалық көмекті «Bibliotheca Alexandrina» (Мысыр) кітапханасының қызметкерлері көрсетті. Оған қоса Бразилия, Ұлыбритания, Мысыр, Қытай, Израиль, Ирак, Мали, Марокко, Мексика, Катар, Нидерланды, Ресей, Сауд Арабстаны, Сербия, Словакия, АҚШ, Уганда, Оңтүстік Африка, Франция, Швеция және Жапония елдерінің мемлекеттік ұйымдары өз материалдарымен және тәжірибелерімен бөлісті.