Әлемдік стандартқа сай отандық өнім
АСТАНА. ҚазАқпарат - Индустралды-инновациялық бағдарлама қолға алынғаннан бері елімізде бұрын-соңды шығарылмаған 400-ден астам жаңа өнім түрі отандық нарыққа жол тартқаны белгілі. Солардың бірі - энергетика саласындағы алдыңғы қатарлы технологияларға сай вакуумдық ажыратқыштар.
Бүгінде әлемдік стандартқа сай деп танылған отандық өнім елімізде танымалдыққа ие бола бастады. ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында «Astels» ЖШС-ның атқарушы директоры Қайдар Мұғал өндіретін өнімдерінің ерекшеліктеріне тоқталып, алдағы жоспарларымен бөлісті.
«2015 жылы біз Оңтүстік Корея мемлекетіндегі серіктестерімізбен байланыс орнатып, олардан вакуумдық ажыратқыш шығарудың қыр-сырын үйрендік. Қазіргі таңда компаниямыздың өз ісінің хас шеберлері еңбек етіп жатыр. Олардың басым бөлігі Оңтүстік Кореяға барып, кәсіби біліктіліктерін жетілдіріп келді. Таяуда тағы 2 қызметкерімізді шетелге оқуға аттандырайын деп отырмыз. Компания Қазақстан нарығына енген уақыттан бері кернеуi 10 кВ-тық AVL-1200 атты қазақ бренді болып табылатын ваккумдық ажыратқыштарды шығарып келеді. Осы уақытқа дейін нарыққа 400-ден астам ваккумдық ажыратқыш шығарылды. Дәл осы ажыратқыштың сапасы өзінің әлемге әйгілі «Siemens», «ABB», «Shnyider» секілді баламаларымен бірдей. Бұған қоса ол барлық халықаралық «IEC» стандарттарына сай келеді. Бүгінгі таңда түрлі кәсіпорындар мен өндіріс ошақтары, құрылыс компаниялары мен трансформаторлық қосалқы стансалар, өңірлік электр желілік компаниялары, мұнай және газ секторы сынды көптеген мекемелер біз өндіріп отырған вакуумдық ажыратқыштардың негізгі тұтынушылары болып отыр. Бізді отандық өнімге деген сұраныс қатты қуантады. Себебі қаржы сыртқа кетпейді. Өз елімізде, өз жерімізде айналады. Біз өндіруші, олар тұтынушы ретінде отандық экономиканың қарыштауына үлес қосып келеміз. Бұл бағыттағы жұмыс жалғаса береді», - деді атқарушы директор.
Оның айтуынша, компания шығаратын өнімнің басқа шетелдік вакуумдық ажыратқыштардан бірнеше басымдығы бар. Біріншіден, AVL-1200 вакуумдық ажыратқышының қосалқы бөлшектері Кореядан әкелініп, елімізде құрастырылады. Ал басқа компаниялар шығаратын өнімдер дайын күйінде толығымен шетелден тасымалданады. Сол себепті олардың құны қымбат болады. Екіншіден, AVL-1200 вакуумдық ажыратқышының толымдаушылары ҚР энергетикалық заңына сай жасалады. Ал шетелде жинақталған вакуумдық ажыратқыштар бұл заңнамаға сай келмеуі мүмкін.
Бұған қоса, тұтынушы өзімізде өндірілетін вакуумдық ажыратқыштарды қосымша бөлшектермен толымдай алады, бұл тасымалдауға жұмсалатын қаражат пен уақытты үнемдеудің тиімді әрі таптырмас тәсілі болып табылады.
«Вакуумдық ажыратқыштар қазіргі таңда энергетика саласында жоғары вольтті коммутационды аппаратура ретінде өте маңызды рөл атқарады. Осындай отандық өнім өндіру арқылы біз еліміздің энергетика саласын дамытуға, халықты жұмыспен қамтуға және бюджетке төленетін салық көлемін еселеуге қомақты үлес қосатынымызға сенімдіміз. Келешекте жинақтаудың қазіргіден де жоғары дәрежесіне жете отырып, ұсақ тораптық бөлшектерді өзіміз өндіруді жоспарлап қойдық. Қазақстан Еуразиялық экономикалық одаққа енгеннен бері отандық өнімді өткізетін нарықтың аясы кеңейді. Сондықтан біз алдағы уақытта кернеуi 10 кВ автоматтандырылған ауа сөндіргіштерін де шығаруды көздеп отырмыз, - деп қорытты ойын «Astels» компаниясының атқарушы директоры.