Әлемдік ядролық саясатта Қазақстанның өзіндік айтары бар - академик Рахман Алшанов
Белгілі ғалымның айтуынша, қазіргі әлемде ядролық саясат ең өзекті мәселелер қатарына еніп келе жатыр. Лаңкесіктің өршуі, бірқатар шағын мемлекеттердің ядролық қаруға ие болуға ұмтылуы, шиеленіскен геосаяси мәселелер осыған итермелеуде. Сонымен қатар әлем елдерінің ядролық қаруға қарсы көзқарасының өршуі де ядролық саясатты дамытып келеді.
«Қазіргі таңда Ирандағы ядролық қару мәселесі әлемнің назарында, бұған қарсы Иран қимылдаса біз де қарап қалмаймыз мақсатын ұстанған Израильдің 50 шақты ядролық қаруы бар. Пәкістан да тәліптермен күресіп жатыр. Олар да ядролық қару-жараққа ұмтылуы мүмкін. Солтүстік Корея да ядролық қаруымен қырын көрсетіп отыр. Бұнымен қатар ядролық қару кешегі Мәскеудегі жарылысты жасағандардың қолына тиетін болса, онда мәселе күрделі болып кетеді. Осының бәрі Ядролық саясатқа назар аудартпай қоймайды. Елбасы осы бағытта бірқатар ұсыныстар жасаған. Мәселен, қазір шағын және орта елдер ядролық қаруға ие болсақ, онда күшті боламыз деп ядролық қаруға ұмтылуы мүмкін. Елбасының ұсынысы осы бағытта ядролық қаруға ие, алпауыт мемлекетттер осы шағын мемлекеттердің қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз деп кепілдік алуы тиіс. Бұл - өте орынды ұсыныс. Бұл ретте Қазақстанның мысалын алып қарауға болады. Кезінде Елбасының ұсынысымен Қазақстан ядролық қарудан бас тартқан тұста, Қазақстанның қауіпсіздігіне бірқатар мемлекеттер кепілдік берген болатын. Сондай-ақ Президент ядролық қаруды бейбіт мақсатта пайдалану ұсынысы да орынды. Бұл ретте Қазақстанның тәжірибесі жетеді. Менің ойымша жалпы әлем елдері Елбасы айтып отырған бағыттарды қолдайды. Ортақ ядролық саясат жүзеге асады деп сенемін. Бұл ретте Қазақстан ядролық саясатты жүзеге асырушы негізгі елдердің бірі болуы тиіс. Өйткені КСРО кезінде ең үлкен полигон Қазақстанда болды. Хиросима-Нагасакиден кейін үлкен шығын шеккен біз. Қазір уранды ең көп өндіретін біз. Сондықтан әлемдік ядролық саясатта Қазақстанның өзіндік айтары бар. Елбасының мақаласында осыған байланысты көзқарастар айтылған. Сондықтан да Елбасының «Алып ауқымды әлем және ядролық қауіпсіздік» мақаласындағы ұсыныстар мен көтерілген мәселелер әлемде үлкен қолдауға ие болуы тиіс», дейді белгілі ғалым.