Әлемдік заң үстемдігі рейтингісіндегі Қазақстан Ресей мен Қытайдан алда келеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2015 жылы әлемдік заң үстемдігі рейтингісінде (The Rule of Law Index 2015) Қазақстан 65 орынға табан тіреді. Яғни, өткен жылмен салыстырғанда алты орынға көтерілді.

Әлемдік заң үстемдігі рейтингісіндегі Қазақстан Ресей мен Қытайдан алда келеді

Бұл рейтинг бүкіл әлемде заңның үстемдігін дамыту бағытында жұмыс істейтін, тәуелсіз, көпсалалы «World Justice Project» халықаралық үкіметтік емес ұйымы тарапынан жыл сайын әзірленеді.

Рейтинг мынадай негізгі сегіз көрсеткішке негізделген: билік институттары құзыретінің шектелуі, сыбайлас жемқорлықтың болмауы, тәртіп және қауіпсіздік, негізгі құқықтарды қорғау, билік институттарының ашықтығы, заңдардың сақталуы, азаматтық және қылмыстық сот төрелігі. Жоба құқық үстемдігінің маңыздылығы туралы жұртшылықтың хабардар болу деңгейін арттыруға және мемлекеттік реформаларды ынталандыруға бағытталған. Биылғы жылы рейтинг шеңберінде 102 ел бағаланды. Қазақстан аталған рейтингте бірқатар: Молдова (69 орында), Украина (70), Қытай (71), Қырғызстан (74), Ресей (75), Түркия (80), Өзбекстан (81) секілді елдерден озық шықты. Дания, Норвегия, Швеция, Финляндия және Нидерланды секілді Солтүстік Еуропа елдері әлемдік рейтингтің ең алдыңғы қатарынан орын алды. Сондай-ақ, үздік ондық Жаңа Зеландия, Австрия, Германия, Сингапур және Австралияға тиесілі. Ал Зимбабве, Ауғанстан және Венесуэла елдері рейтингтің соңғы орындарында қалған.