Әлемдік БАҚ Қазақстанның жасанды интеллект саласындағы кадрлық әлеуетін саралады
АСТАНА. KAZINFORM — Жасанды интеллектінің болашағы қуатты компьютерлер мен инвестиция көлеміне ғана емес, жаңа технологияларды меңгеріп, оларды іс жүзінде қолдана алатын мамандарға да байланысты. Қазақстан үшін бұл мәселе өнеркәсіпті жаңғырту, отандық технологиялық саланы дамыту және еңбек өнімділігін арттыру міндеттерімен тығыз байланысты. Британиялық Global Banking & Finance Review халықаралық қаржы-сараптамалық басылымы Қазақстанның жасанды интеллект саласындағы саясатына назар аударып, елдің экономикалық дамуда жаңа технологиялар мен білікті мамандарға басымдық беріп отырғанын жазды.
ЖИ экономиканың дамуына қалай ықпал етеді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектіні экономиканың тиімділігін арттыратын маңызды құрал ретінде қарастырады. Мемлекет басшысы Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің отырысында елдер арасындағы бәсекелестік енді табиғи ресурстардың, капитал мен нарықтардың көлеміне ғана емес, өндіріс тиімділігін қаншалықты жылдам арттыра алатынына да байланысты екенін атап өткен болатын.
Осыған байланысты Үкіметке цифрлық жаңғыртудан өтетін кәсіпорындарды анықтау, жасанды интеллект шешімдерін өндіріске енгізуді жеделдету және салалық деректер базасын дамыту тапсырылды. Бұл жекелеген цифрлық жобаларды сынақтан өткізумен шектелмей, жаңа технологияларды кәсіпорындардың күнделікті жұмысына енгізуді көздейді.
Мәселен, жасанды интеллект инженерлерге өндірісті тиімді жоспарлауға, жабдықтардың ақауын алдын ала анықтауға, шикізат пен энергия шығынын азайтуға көмектесе алады. Логистикада жүк тасымалын басқаруды жетілдіруге, ал ауыл шаруашылығында су мен басқа да ресурстарды үнемді пайдалануға мүмкіндік береді.
ЖИ мамандарын даярлауға басымдық беріліп отыр
Шетелдік басылым Қазақстанда жаңа технологияларды меңгерген мамандар даярлау жұмысына да тоқталған. Елімізде жасанды интеллектіні зерттеуге және оны тәжірибеде қолдануға бағытталған Qazaq AI Research University жұмысын бастады. Университетте машиналық оқыту, өнеркәсіптік жасанды интеллект, интеллектуалды жүйелер, инженерия және жасанды интеллект қауіпсіздігі бағыттарына басымдық берілген.
Оқу орны алғашқы жылы бакалавриат пен магистратураға 528 студент қабылдады. Ендігі маңызды міндет — университеттердегі ғылыми зерттеулерді кәсіпорындардың қажеттіліктерімен ұштастырып, отандық әзірлемелерді нарыққа шығару.
Бұл бағыттағы жұмыстар елдегі IT саласының дамуымен қатар жүріп жатыр. Мәселен, 2020 жылы Қазақстанның IT-қызметтер экспорты 33,5 миллион доллар болса, 2025 жылы 1,142 миллиард долларға жеткен. Отандық цифрлық шешімдер шетел нарығына шығып, қазақстандық технологиялық компаниялардың халықаралық деңгейдегі мүмкіндіктері кеңейіп келеді.
Технологиялық дамудың басты шарты — білікті кадр
Global Banking & Finance Review Қазақстанда цифрлық инфрақұрылымды дамыту мәселесіне де назар аударған. Елде суперкомпьютерлік кешендер мен деректерді өңдеу орталықтарын құру жобалары жүзеге асырылып жатыр. Олар бизнеске, ғылыми ұйымдарға және мемлекеттік мекемелерге күрделі есептеулер жүргізуге қажетті мүмкіндіктер ұсынуға тиіс.
Дегенмен заманауи жабдық сатып алу мен ірі инвестиция тарту технологиялық дамуға өздігінен кепіл бола алмайды. Ол үшін жаңа технологияларды меңгерген мамандар, ғылыми әзірлемелер және оларды өндіріске енгізуге дайын кәсіпорындар қажет.
Сонымен қатар Қазақстанға деректерді өңдеу орталықтарын тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз ету және заманауи микрочиптерге қол жеткізу мәселелерін шешу міндеті тұр. Сондықтан цифрлық инфрақұрылымды дамыту, мамандар даярлау, ғылыми зерттеулерді қолдау және жасанды интеллектіні өнеркәсіпте қолдану өзара тығыз байланыста жүргізілуі керек.
Басылымда айтылғандай, технологиялық дамудың нәтижесі іске қосылған цифрлық жобалардың санымен емес, олардың экономикаға тигізетін нақты пайдасымен өлшенеді. Егер жаңа технологиялар кәсіпорындардың шығынын азайтып, өндіріс көлемін арттыруға мүмкіндік берсе, ал қазақстандық мамандар халықаралық нарықта сұранысқа ие өнімдер жасай алса, жасанды интеллект ел экономикасының ұзақ мерзімді дамуына ықпал ететін маңызды құралға айналмақ.
Айта кетейік, бұған дейін ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру мен жасанды интеллект — ел болашағының негізі екенін айтқан еді.