Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан: АҚШ-пен кеңес, «Алтын виза» және «Жылыой» жобасы
АСТАНА. KAZINFORM – Сәуірдің соңғы аптасында әлемдік ақпарат кеңістігіндегі Қазақстан хабары үдеді. 80 жылдан кейін елге жеткізілген майдангер сүйегі, шетелдіктерге арналған «Алтын виза» бағдарламасының іске қосылуы, Қытайдың алып ұйымы – CNOOC компаниясының нарыққа енуі көп қаузалған. Толығырақ Kazinform тілшісінің шолуынан оқыңыз.

Trend: Инвесторларға арналған виза енгізілді
Сыртқы істер министрлігінің бастамасымен инвестициялық әлеуетті арттыру мақсатында инвесторлық виза алудың ережесі бекітілді. Жаңа бағдарламаның егжей-тегжейін Trend ақпарат агенттігі жариялады.
Аталған виза Қазақстанда 10 жылға дейін тұруға рұқсат алуға мүмкіндік береді. Министрліктің сөзінше, мұндай қадам Қазақстанның халықаралық бизнеске жақындауын және ұзақмерзімді іскерлік серіктестікті дамытуға септеспек. Сондай-ақ «Алтын визалар» шетелдік инвесторлар үшін қолайлы орта қалыптастырып, заңды кепілдіктер беруге және елдің инвестициялық ахуалын сенімді нығайтуға бағытталған. Елдің ашықтыққа, капиталды қорғауына және тұрақты халықаралық экономикалық байланыстарды дамытуына да көмегі зор.
«Жаңа талаптарға сәйкес, Қазақстан компанияларының жарғылық капиталына немесе отандық бағалы қағаздарға кемінде 300 000 АҚШ доллары көлемінде инвестиция салған шетел азаматтары инвесторлық визаны ресімдеу үшін электронды өтініш бере алады. Бұл «алтын виза» Қазақстанда 10 жылға дейін тұруға рұқсат алу мүмкіндігін көздейді.», – делінген ресми хабарламада.
Мұндай визалық бағдарламалар Еуропа, АҚШ, БАӘ және Сингапурда кеңінен қолданылады. Қазақстан да капиталды қорғауға және тұрақты халықаралық экономикалық байланыстарды дамытуға бағытталған бастаманы қолға алды. Бүгінде «Алтын визаға» қатысты құжат рәсімделді, 10 күннен кейін заңды күшіне енеді. Сол кезде инвесторлардан өтініш қабылданатын болады.
Anadolu: Тарифтер бойынша АҚШ-пен консультация жүргізілуде
Қазақстан АҚШ-тың кедендік баж салығы тарифтеріне қатысты өзара кеңесті бастады. Алдын ала болжам бойынша, мәселе Дүниежүзілік сауда ұйымының алаңында талқыланатын болады. Сауда және интеграция министрлігінің мәлімдемесін түркиялық Anadoluақпарат агенттігі таратты.
Келіссөздердің басталғанын ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Сыртқы сауда қызметі департаментінің директоры Серік Әшитов жеткізді.
«9 сәуірде Америка Құрама Штаттары жоғары тарифті енгізу жұмыстарын 90 күнге кейінге қалдыратынын жариялады. Бүгінде Қазақстан Үкіметі елімізге жоғары тариф енгізілмеуі үшін АҚШ-пен кеңесті бастады», — деді Серік Әшитов.
Оның айтуынша, АҚШ енгізіп жатқан шаралар Америкаға бағытталатын қазақстандық экспорттың 4,8 пайызына ғана әсер етеді. АҚШ-қа бағытталатын, қазақстандық экспорттың шамамен 90 пайызы мұнай, уран, күміс, ферроқорытпа секілді негізгі экспорт тауарларына бұл ереже жүрмейді.
«Тарифтер Қазақстан экспортына айтарлықтай әсер етеді деуге негіз жоқ. Соған қарамастан Үкімет пен Сауда және интеграция министрлігі осындай біржақты шаралардың салдарын азайту және сауда қатынасын нығайту үшін америкалық әріптестермен жұмысты жалғастырады», – деді департамент басшысы.
Еске салайық, бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп шетелден әкелінетін барлық тауарға қойылатын кедендік баж салығын көтеретінін айтты. Базалық тариф 10 пайыз деңгейінде, алайда ол көптеген мемлекет үшін жоғары болмақ. Кейінірек Трамп Қытайдан басқа елдерге қатысты өзара баж салығын 90 күнге тоқтату туралы шешім қабылдаған еді.
Report: «ҚазМұнайГаз» бен қытайлық CNOOC «Жылыой» жобасы туралы келісімге келді
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы қытайлық China National Offshore Oil Corporation International Limited компаниясымен Атырау облысындағы Жылыой учаскесін геологиялық барлау жөніндегі келісімге келді. «ҚазМұнайГаз» және «CNOOC» қаржыландыруға қатысты және бірлескен қызмет туралы келісімдерге қол қойған. АқпараттыReportагенттігі бөлісті.
«Жылыой» жобасы Каспий теңізінің солтүстік-шығыс бөлігінің транзиттік аймағында орналасқан, ауданы 960 шаршы шақырымға жуық учаскеде іске асырылатын болады. CNOOC-пен Жылыой геологиялық барлау жөніндегі бірлескен кәсіпорын өткен жылдың қазан айында құрылды.
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Құрманғазы Есқазиев және CNOOC компаниясының Ресей мен Орталық Азиядағы жобалар жөніндегі бас менеджері Лю Бо кездесуінде осы жоба туралы мәміле жасалған. Яғни, 3D сейсмикалық барлау (далалық жұмыстар, 400 шаршы шақырымдағы деректі өңдеу және талдау), 2D негізде 400 бойлық шақырым деректі қайта өңдеу, 2000 шақырым тереңдікте тұзүсті барлау ұңғымасын бұрғылау, 3D сейсмикалық барлау деректерінің нәтижелеріне қарай тереңдігі 4500 метр тұзасты барлау ұңғымасын бұрғылау жүзеге аспақ.
«Айта кетсек, CNOOC Қазақстанға алғаш рет инвестиция құймақшы. Компания оны геологиялық барлау жобаларынан бастап отыр. Серіктестік «Жылыой» геологиялық барлау жобасын 50/50 тепе-тең талаптармен бірлесіп іске асыруды көздейді. Бұл ретте барлау кезеңін CNOOC қаржыландыратын болады», – делінген ресми хабарламада.
ТАСС: Астанаға қазақстандық ҰОС жауынгерлерінің сүйегі жеткізілді
ҚР Қарулы күштері әскери-көліктік авиациясының ұшағы ҰОС жылдарында қаза тапқан қазақстандық жауынгерлер Оразғали Айболанұлы Белубаев пен Петр Капитонович Оконечниковтың сүйегін Мәскеуден Астанаға жеткізді. Жаңалықты ресейлік ТАСС хабарлады.
Министрліктің мәліметінше, Оразғали Белубаевты Ресейдегі Новгород облысының Соболево ауылындағы іздеу жұмысы барысында «Находка» жасағының мүшелері тапқан. Оның жанынан белдіктер, ілгектер, қалта пышағы және медальон табылыпты. Соның нәтижесінде оның 1908 жылы туғаны анықталған.
Майдангер Оразғали Белубаев 1941 жылдың жазында Семей облысының Өрнек колхозынан майданға шақырылған екен. 1943 жылы тамызда Новгород облысы Старая Русса қаласы үшін болған шайқаста қаза тапқан. Батырдың сүйегі Абай облысы Зубайыр ауылында қайта жерленетін болады.
«8-ші авиация полкінің бортрадисі сержант Петр Оконечниковтың сүйегі Ресей Географиялық қоғамы мен Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Аляска-Сібір әуе трассасының нысандарын зерттеу экспедициясы кезінде табылған», – деді министрлік өкілдері.
Петр Оконечников 1924 жылы дүниеге келген. Ол Шығыс Қазақстан облысы Зырян ауданы Кутиха ауылының тумасы. 1943 жылы 28 тамызда «Дуглас» Си-47 ұшағында жауынгерлік тапсырманы орындау барысында апатқа ұшырады. Мүрденің жанынан ұшу картасы, сондай-ақ №9248726 нөмірлі қазақ тілінде толтырылған комсомол билеті табылған. Петр Оконечников Шығыс Қазақстан облысы Алтай қаласында қайта жерленеді