Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан: Алматыдағы келіссөз, Еуропаға экспорт, халық бірлігі

шолу
Коллаж: Александр Павский/ Kazinform/ freepik.com

Осы аптада әлемнің бұқаралық ақпарат құралдары Қазақстан туралы көптеген материал жариялады. Әсіресе, Алматыдағы Әзербайжан мен Арменияның келіссөзі көптеген БАҚ-тың назарында болды. Сондай-ақ, қазақстандықтардың су тасқынынан кейінгі ауызбірлігі, күнбағыс күнжарасының Еуропаға экспорты және Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысындағы ұсыныстарын жазды. Шетелдегі басылымдар еліміз туралы басқа қандай хабар таратқанын Kazinform тілшісінің шолуынан оқыңыз.

Trend: Алматыда Әзербайжан мен Армения сыртқы істер министрлерінің кездесуі басталды

Алматыда Әзербайжан мен Армения сыртқы істер министрлерінің кездесуі басталғаны туралы Trend агенттігі жазды.

Сонымен қатар, басылым Қазақстанға жұмыс сапары аясында Әзербайжан сыртқы істер министрі Джейхун Байрамов ҚР премьер-министрінің орынбасары – сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеумен кездескенін де хабарлады.

Айта кетейік, жұма күні Trend агенттігі кездесу барысында Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы стратегиялық қарым-қатынастар аясындағы мәселелер, шиеленіс шешімін тапқаннан кейінгі өңірдегі ахуал, бейбітшілік процесінің қазіргі жағдайы талқыланды деп хабарлаған.

Report.az: Армения бейбітшілікке, бейбіт келісімге қол қоюға ниетті

Бұдан бөлек әзербайжандық Report.az басылымы Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап Армения сыртқы істер министрі Арарат Мирзоянның мәлімдемесін хабарлады.

Біз келіссөздер үдерісіне сындарлы түрде қатысып жатырмыз, – деп келтірді Арарат Мирзоянның сөзін агенттік.

Мирзоянның айтуынша, тараптар бейбітшілік орнату туралы келісімге қол қоюмен шектеліп қалмай, өңірде көлік инфрақұрылымын жандандыру қажет.

The Times of Central Asia: Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан ЕАЭО-ның экономикалық интеграциясын қолдайды

8 мамырда Мәскеуде Ресей президенті Владимир Путин, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров және Армения премьер-министрі Никол Пашинян Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) басқарушы органы – Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына жиналды. Бұл туралы The Times of Central Asia хабарлады.

Басылым Қазақстан Президенті Тоқаевтың баяндамасына тоқталды. Мемлекет басшысы қысқа мерзімде тараптар арасындағы ынтымақтастық Қазақстан экономикасының дамуына үлкен үлес қосқанын атап өткен.

Онжылдықтың макроэкономикалық қорытындысы бірлестігіміздің таңдаған даму бағыты дұрыс екенін көрсетті. Қазақстанның одаққа мүше елдермен сауда айналымы 1,7 есе артып, 28,5 миллиард долларға жетті, – деп келтірді Тоқаевтың сөзін The Times of Central Asia.

Сондай-ақ, басылымның мәліметінше, Қазақстан Президенті ЕАЭО-ның Азия, Африка және Таяу Шығыстың қарқынды дамып келе жатқан елдерімен ынтымақтастығының зор әлеуетіне тоқтала отырып, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерді Парсы шығанағы нарығына шығу үшін халықаралық көлік дәлізін құру туралы Ашхабад келісіміне қосылуға шақырған.

Daryo: Қазақстан ЕО-ға күнбағыс күнжарасының экспортын 2 еседен астам ұлғайтты

2023 жылғы шілде мен 2024 жылғы ақпан аралығында Қазақстаннан Еуропалық Одаққа күнбағыс күнжарасының экспорты 2,3 есе өсіп, шамамен 54,4 мың тоннаны құрады. Қазақстан күнбағыс күнжарасын жеткізушілер арасында Украина, Аргентина, Ресей және Молдовадан кейін бесінші орында тұр. Бұл туралы өзбекстандық Daryo басылымы Kazinform агенттігіне сілтеме жасап хабарлады.

Дания 29 350 тонна сатып алды және Қазақстаннан күнбағыс күнжарасын негізгі импорттаушы ел болып отыр. Одан кейінгі орында 15600 тоннамен Швеция тұр, ал Финляндия, Латвия, Эстония, Германия және Литва – тиісінше 2500 тонна, 2410 тонна, 1950 тонна, 1570 тонна және 1000 тонна импорттаған, – деп жазды Daryo.

TASS: Қазақстанда су тасқынынан кейін мұнай өндіру қалпына келді

Қазақстанда ірі су тасқынынан кейін мұнай өндіру қалыпты жағдайға келді. Бұл туралы журналистерге Қазақстанның энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев айтты, деп хабарлады ТАСС агенттігі.

Мұнай өндіру аздап төмендеді, 500-ге жуық ұңғыма су астында қалды, бірақ қазір су тартылып жатыр, алдын ала қабылданған шаралардың барлығы дерлік тиімділігін көрсетті, – деді Сәтқалиев «Қазақстандағы су тасқыны мұнай өндіруге қалай әсер етті деген ТАССі-тың сұрағына жауап беріп.

Сонымен қатар, басылымның мәліметінше, министр елде қазір су басқан мұнай ұңғымалары жоқ екенін айтқан.

Еureporter: Қазақстандықтар су тасқынымен күресте бірікті

Наурыздың соңында Қазақстан алапат су тасқынынан зардап шекті. Елдің он жеті аймағының онын су басты. Содан бері 119 мыңнан астам адам үйлерінен көшірілді және бұл соңғы сексен жылдағы Қазақстандағы ең ауыр апаттардың бірі болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тасқынның зардабы ауыр болғанына қарамастан, қиын күнде Қазақстан халқы бірлігін көрсетті деп атап өтті. Бұл туралы Еureporter хабарлады. Басылым күрделі сәтте қазақстандықтар апатқа қарсы жұмыла атсалысқанын материалға арқау еткен.

Тасқын басталғаннан бері Қазақстан халқы Ассамблеясы белсенді әрі үйлесімді жұмыс істеп жатыр. Оған бүкіл ел куә. Жұртқа жан-жақты көмек беру үшін дереу Ассамблеяның республикалық және аймақтық штабтары құрылды, – деп келтірді басылым Президенттің Қазақстан халқы Ассамблеясының (ҚХА) 33-сессиясындағы сөзін.

Сондай-ақ, басылымның мәліметінше. «Жүректен жүрекке» деген ауқымды акция жүргізіліп жатыр. Апат аймақтарына 1500 тоннадан астам азық-түлік және ең қажетті тауарлар жолданды. Оның жалпы сомасы шамамен 770 миллион теңге болды. Су тасқынымен күреске этномәдени бірлестіктердің 12 мыңға жуық өкілі қосылды.

Еріктілер зардап шеккен аудандарға көмек көрсетуде және осы қиын уақытта қоғамға қолдау көрсетуде маңызды рөл атқарды. Олардың жанқиярлық іс-әрекеттері мен мұқтаж жандарға көмектесудегі адалдығы су тасқынынан зардап шеккендер тарапынан жоғары бағаланды, – деп басылым Astana Times-қа сілтеме жасап Ұлттық еріктілер желісінің атқарушы директоры Татьяна Миронюктің сөзін келтірді.

Соңғы жаңалықтар