Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан: Әскер реформасы, автокөлік өндірісі және Швейцариядағы қазақ орталығы
АСТАНА. KAZINFORM – Әдеттегідей жаһандағы ақпарат таратушы интернет-басылымдар елдегі көп жайға үңілді. Апта ішінде Қазақстандағы әскер реформасы мен Швейцарияда Қазақстанның мәдени-іскерлік орталығының ашылуы көп айтылған. Кейінгі айлардағы жеңіл автокөлік өндірісінің қарқыны суретші Гүлнұр Мұқажанованың көрмесі де көптің назарында болды. Толығырақ Kazinform тілшісінің шолуынан оқыңыз.
Xinhua News: Қазақстан жаңа альянсқа бақылаушы болды
Қытай Халық Республикасының Ханчжоу қаласында Азияның мәдени мұрасын қорғау альянсы кеңесінің IV отырысы өтті. Кеңес отырысының қорытындысы бойынша Қазақстан ұйымға бақылаушы мемлекет мәртебесін алды. Жаңалықты қытайлық Xinhua News таратқан.
Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов өз сөзінде Қазақстанның ЮНЕСКО-мен ортақ жұмысы туралы айтып, Альянспен ынтымақтастықты үш бағытта дамытуды ұсынды. Олар: мамандар даярлау және тәжірибе алмасу, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект көмегімен ескерткіштерді қашықтан бақылау, сондай-ақ Ұлы Жібек жолы бойындағы нысандарда бірлескен археологиялық және ғылыми зерттеулер жүргізу.
Қазақстан делегациясы IV Лянчжу форумының ашылуына да қатысты. Форумға ЮНЕСКО, ИККРОМ, ALIPH және Иберо-Америка мемлекеттерінің білім, ғылым және мәдениет жөніндегі ұйымының өкілдері жиналды.
Report: Жеңіл автокөлік өндірісі 38%-ға артты
2026 жылғы қаңтар-қыркүйек айларында Қазақстанда 136 548 жеңіл автокөлік өндірілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 38%-ға көп. Ақпаратты Report жариялады.
Қыркүйек айында елде 19 377 жеңіл автокөлік шығарылды. Өндіріс көлемі 2025 жылғы қыркүйекпен салыстырғанда 66,4%-ға, ал биылғы тамызбен салыстырғанда 35,5%-ға өсті.
Қазақстанда автокөлік өндірумен 12 кәсіпорын айналысады. Жеңіл автокөлік өндірісінің негізгі бөлігі Алматы қаласы мен Қостанай облысына тиесілі. Олардың үлесі тиісінше 50,5% және 49,5%-ды құрайды.
2026 жылдың алғашқы тоғыз айында «Автокөліктер, тіркемелер және жартылай тіркемелер» санатындағы өнеркәсіп өнімінің көлемі ақшалай мәнде 1,67 трлн теңгеге жетті. Осы санат бойынша өнеркәсіп өндірісінің индексі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 129,9%-ды құрады.
The Times of Central Asia: Әскери реформа жоспары таныстырылды
Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде орын алған қайғылы оқиғадан кейін Қазақстан реформаға бет бұрды. Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесінің отырысына қатысып, жаңа реформа жоспарының жобасымен танысты. Ақпаратты The Times of Central Asia бөліскен.
Рефома қысқа мерзім ішінде заманауи, ұтқыр және технологиялық тұрғыдан дамыған армия құруға бағытталып отыр. Болашақта мерзімді әскери қызмет екі кезеңнен тұрмақ. Әскерге шақырылғандар алғашқы алты айда оқу орталықтарында даярлықтан өтеді. Кейінгі алты айда тікелей әскери бөлімдерде қызмет етеді. Бұл кезеңде жауынгерлік даярлыққа және бөлімшелер құрамында міндеттерді орындауға басымдық беріледі.
Сондай-ақ реформа аясында Қарулы Күштердің құрылымы мен құрамы, басқару және қорғанысты жоспарлау жүйесі жетілдіріледі. Жақын арада Ұшқышсыз күштерді құру жоспарланған.
Jiji Press: Швейцарияда Қазақстанның мәдени-іскерлік орталығы ашылды
21 қазанда Швейцарияның Шаффхаузен қаласында Швейцария–Қазақстан мәдени-іскерлік орталығы ашылды. Орталық Eurasia Group компаниясының бастамасымен және Қазақстан Республикасының Швейцариядағы Елшілігінің қолдауымен құрылды.
Jiji Press-тің жазуынша, орталықтың негізгі бағытының бірі қазақстандық өнімдерді Швейцария және басқа да халықаралық нарықтарға шығару болмақ. Атап айтқанда, металлургия, агроөнеркәсіп, тамақ және химия өнеркәсібі өнімдерін ілгерілетуге басымдық беріледі. Қазақстандық өндірушілер мен шетелдік импорттаушылар және сауда желілері арасында тікелей іскерлік байланыстар орнатылады.
Инвестициялық ынтымақтастықпен қатар Қазақстанның тарихи-мәдени ерекшелігін насихаттау да назарда болады.
Euronews: Суретші Гүлнұр Мұқажанова Лондондағы «Босағаны» таныстырды
Қазақстандық суретші Гүлнұр Мұқажанова Frieze London 2026 көрмесінде «Босаға» атты тоқыма сериясын ұсынды. Автор мата арқылы ұлттық танымды, болашақ межені дәл суреттей білген. Осы орайда Euronews телеарнасы өнер иесі туралы арнайы бағдарлама әзірледі.
Frieze London әлемдегі ең ықпалды жәрмеңке саналады. Биыл шараға Қазақстанның тумасы, Берлинде тұратын суретші Гүлнұр Мұқажанова қатысты. Суретші 2021 жылы «Босаға: мәдениет пен уақыт шеңберіндегі саяхат» атты жобасын бастаған. Бұл жолы «Босаға» атты үздік триптихін көрерменге ұсынуға мүмкіндік алған.