Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан: Атырау – Самара мұнай құбырын пайдалану, $100 млн келісім және Амур жолбарысы
АСТАНА. KAZINFORM – Апта соңында жаһандық интернет-басылымдарды бір парақтадық. Мұндағы Қазақстанға қатысты жаңалықтың көбі мемлекет басшыларының Астанаға сапары аясында жарияланған. Сонымен қатар биыл іске қосылатын 200 кәсіпорынның жайы, Қытаймен жасалған іскерлік келісім және Атырау – Самара мұнай құбырын қайта пайдалану мәселесі кең талданған. Толығырақ Kazinform тілшісінің шолуынан оқыңыз.
The Jordan Times: Король Қазақстан Президентімен келіссөз жүргізуде
Осы аптада Қазақстанға бірнеше елдің мемлекет басшылары сапарлады. Иордания королі II Абдалла бен әл-Хусейн және Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон ресми сапармен келген. Ал Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев пен Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедов Ақаба процесі саммитіне қатыспақ.
The Jordan Times-тың жазуынша, сапар барысында Қасым-Жомарт Тоқаев корольге Al-Farabi орденін табыстаған. Бұл марапат Қазақстан мен араб әлемі арасындағы ғылым, исламтану салаларындағы тығыз байланысты білдіреді.
II Абдалла бен әл-Хусейн екі елдің достық қарым-қатынасының белгісі ретінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты al-Hussain ibn Ali орденімен марапаттады.
Reuters: Атырау – Самара мұнай құбыры арқылы транзит қайта жанданады
Қазақстан Атырау – Самара құбыры арқылы мұнай тасымалын қайта іске қосады. Мұны сейсенбі күні энергетика министрлігі хабарлаған. Жаңалықты Reuters таратты.
Бұған дейін, дүйсенбіге қараған түні, Ресейдегі «Самара» өндірістік-өткізу орталығына дронмен шабуыл жасалған болатын. Соның салдарынан құбыр жұмысы уақытша тоқтап, Қазақстан мұнайды Ресей аумағы арқылы тасымалдауды шектеген.
Энергетика министрлігі техникалық тексеруден кейін мұнай жөнелту жұмысы қайта жанданғанын және құбыр қалыпты режимде жұмыс істеп тұрғанын мәлімдеді.
Xinhua News: 200-ге жуық жаңа кәсіпорнын іске қосылады
Қазақстан 2026 жылдың соңына дейін құны 1,7 трлн теңгені (3,75 млрд доллар) құрайтын 200-ге жуық өнеркәсіптік жобаны іске қоспақшы. Бұл туралы Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев хабарлаған. Лауазымды тұлға мәліметін Xinhua News агенттігі бөлісті.
Вице-премьердің айтуынша, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі өндірістік қуат теңгерімін бағалау әдістемесін бекіткен. Енді әрбір жаңа жоба нарықтағы сұраныс, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың жүктемесі және жер ресурсын ескеріле отырып қарастырылады.
Jiji Press: Қазақстандық өндірушілер Қытайда 100 млн долларға келісімдер жасасты
Қазақстандық компаниялар Шанхайда өткен Қытайдың 9-шы халықаралық импорт көрмесінің (CIIE) алғашқы күні жалпы сомасы 100 млн доллар болатын келісімге қол жеткізді. Ақпаратты Jiji Press жазған.
CIIE – әлемдегі ең ірі сауда алаңдарының бірі. Оған жыл сайын 160-тан астам ел мен өңірден мыңдаған компания келеді. Көрме шетелдік өндірушілерге Қытай нарығына шығуға, тікелей іскерлік байланыс орнатуға және экспорттық келісімшарттар жасасуға мүмкіндік беруде.
Қазақстан CIIE көрмесінде отандық кәсіпорындардың өнімдері мен елдің экспорттық әлеуетін таныстырды. Биыл ұлттық павильонға 40-қа жуық қазақстандық өндіруші жиналған.
Көрмеде тамақ өнеркәсібінің кең ауқымды өнімі ұсынылған. Олардың қатарында Қазақстанда өндірілетін май-тоңмай, ұн, кондитерлік және сүт өнімдері, сусындар мен басқа да тауарлар бар.
ТАСС: Екінші Амур жолбарысы табиғатқа жіберілді
Ресейдің Қазақстанға берген екінші Амур жолбарысы «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерваты аумағына жіберілді. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің ақпаратын ресейлік ТАСС агенттігі жариялады.
- 2026 жылғы 31 қазанда «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерваты аумағында тағы бір тарихи оқиға болды. Амур атты еркек амур жолбарысы табиғи ортаға жіберілді. Ол – реинтродукция бағдарламасы аясында Қазақстанның жабайы табиғатына қайта оралған екінші жолбарыс, – делінген ведомство хабарламасында.
Жолбарыс табиғатқа жіберілмес бұрын арнайы қоршауда ұсталып, ветеринарлық тексерістен өткен. Мамандар оның аң аулау дағдысын, өздігінен қорек табу қабілетін тексеру үшін бірқатар сынақ жүргізді. Жануардың қозғалысын бақылау мақсатында оған спутниктік қарғыбау тағылды.