Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан: Брюссель сапары, Ауғанстандағы бизнес-форум, AI Data Center және су тасқынының алдын алу

АСТАНА. KAZINFORM – Осы аптада жаһандағы интернет-басылымдар Қазақстанның сыртқы саясатына көп үңілді. Еуропалық одақ, АҚШ, Қытай, Тайланд, Ауғанстан тараптарымен жасалған ауқымды келісімдер жаңалық өзегіне айналған. Толығырақ Kazinform тілшісінің шолуынан оқыңыз.

БАҚ
Коллаж: Kazinform / timesca.com / Canva

Еuronews: Брюссельде 10 млрд еуролық келісім жасалды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Брюссельге сапары аясында Еуропалық одақпен стратегиялық құжаттарға қол қойылды. Жаңалықты Еuronews жариялаған.

Сапардың негізгі бағыты көлік байланысын дамытуға арналды. Себебі Қазақстан Еуропаны Қытаймен және Шығыс Азияның басқа елдерімен жалғайтын Орта дәліздің бойында орналасқан. Астана бұл дәліздің өткізу қуатын 10 миллион тоннаға жеткізуді мақсат етіп отыр.

Еуропалық комиссияда дәліз арқылы тауар мен жолаушы тасымалын арттыруға мүмкіндік беретін бес келісімге қол қойылды. Олардың қатарында авиациялық және Қазақстан азаматтары үшін Шенген визасын жеңілдету туралы келісімдер бар.

Сапар барысында 10 миллиард еуроны құрайтын 30 коммерциялық келісімге қол қойылды. Мысалы, Air Astana компаниясы Airbus компаниясынан A320 ұшақтар тобына жататын 50 әуе кемесін сатып алуды жоспарлап отыр.

The Times of Central Asia: AI Data Center кластері құрылуы мүмкін

Қытайда өтіп жатқан «Жазғы Давос» экономикалық форумы аясында Премьер-министр Олжас Бектенов SuperX AI Technology Limited директорлар кеңесінің төрағасы Хуан Чэньхунмен кездесті. Басқосуда тараптар заманауи деректер орталығын құру жоспарын талқылаған. Ақпаратты The Times of Central Asia таратты.

SuperX AI Technology Limited ЖИ-инфрақұрылымдарға және жоғары тығыздықтағы деректерді өңдеу орталықтарына арналған шешімдерді дамытумен айналысады. Компания Қазақстанда қуаты 1 ГВт-қа дейін жететін AI Data Center кластерін құруға мүдделі.

Алдағы уақытта ЖИ-кампус салу, энергиямен жабдықтау, цифрлық инфрақұрылымды дамыту жоспарланып отыр. Сондай-ақ деректерді өңдеу орталықтары үшін серверлік жабдық пен технологиялық шешімдер импортталады.

Anadolu: Қазақстан-АҚШ су тасқынының алдын алу жөніндегі бағдарламаны қабылдады

Су ресурстары және ирригация вице-министрі Аслан Абдраимов АҚШ-тың Dynamic Aviation және Airborne Snow Observatories Inc. компанияларының өкілдерімен кездесті. Екі жақ көктемгі су ағынын болжау және су тасқыны қаупі туралы ерте ескерту саласындағы ынтымақтастық перспективасын талқылады.

Anadolu ақпарат агенттігінің жазуынша, Қазақстан-АҚШ су тасқынының алдын алу жөніндегі бағдарлама қабылданған. Жоба кезең-кезеңімен іске асырылып, су ресурстарын басқару саласындағы ұзақ мерзімді бағдарламаға айналмақ.

Report: Кабулда бизнес-форум өтті

Кабулда Қазақстан-Ауғанстан бизнес-форумы өтті. Іс-шараға Қазақстанның 50-ден астам компаниясы мен Ауғанстанның 300-ге жуық бизнес өкілі қатысқан. Миссия аясында B2B форматындағы кездесу ұйымдастырылып, қазақстандық тауарлар мен қызметтердің көрмесі әзірленді.

Report-тың хабарлауынша, бизнес-форумда жалпы құны 235 млн долларлық келімшарттарға қол қойылған. Nesar Elyas Trading LTD компаниясы мен «Түркістан май зауыты» ЖШС күнбағыс майын жеткізу жөнінде он жылдық меморандумға қол қойды. Ал «Шабыт» ЖШС Ауғанстанға Speranza сауда белгісімен шығарылатын жарма өнімін жеткізбек.

Бұдан бөлек, Қазақстанның астық өңдеушілер одағы мен Ауғанстанның Сауда-инвестициялық палатасы бидай ұны мен өнімдерінің экспортын дамыту бағытында ынтымақтастық орнатуға уағдаласты.

Caspianpost: Қазақстан мен Таиланд 2 жылдық меморандумға қол қойды

Қазақстан мен Таиланд Корольдігінің сыртқы істер министрлерінің кездесуі нәтижесінде 2027-2028 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл бағдарламасына қол қойылды. Бұл құжат барлық басым бағыттар бойынша екі елдің серіктестігін тереңдетудің жол картасы болмақ. Маңызды меморандум туралы Caspianpost жазды.

Құжатта ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі, көлік және логистика, жасыл энергетика, стратегиялық пайдалы қазбалар, туризм және гуманитарлық байланыстарға басымдық берілген. Қазақстан Таиландты АСЕАН нарығына шығатын маңызды қақпа ретінде қарастырса, Таиланд Қазақстанды Орталық Азия мен Еуразиялық экономикалық одаққа апаратын негізгі көпір ретінде бағалайды.