Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан: Дэвид Кэмеронның сапары, бюджетті үнемдеу режимі

шолу
Коллаж: Kazinform

Осы аптада бірқатар шетелдік БАҚ-та Қазақстан туралы көптеген мақала жарияланды. Әлемдік баспасөз беттерінде Ұлыбритания Сыртқы істер министрі Дэвид Кэмеронның Астанаға сапары және мұнайды артық өндіру туралы Энергетика министрлігінің мәлімдемесі жарияланды. Халықаралық баспасөз Қазақстан туралы тағы не жазды – Kazinform тілшісінің шолуынан оқыңыз.

Anаdolu agency: Қазақстан мен Ұлыбритания стратегиялық әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды

Түркиялық Anadolu agency ақпарат агенттігі Ұлыбританияның бас дипломаты Дэвид Кэмеронның Астанаға ресми сапары барысында Қазақстан мен Ұлыбритания арасында стратегиялық серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылғанын хабарлады.

Мақалада келісімге Қазақстан Республикасының сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мен Ұлыбритания сыртқы істер министрі Дэвид Кэмерон арасындағы келіссөздер нәтижесінде қол қойылғаны атап өтілген.

Бұл жан-жақты келісім Астана мен Лондон арасындағы саяси, сауда және инвестициялық қатынастарды жаңа деңгейге шығарудағы маңызды қадам болмақ, – деп келтірді басылым Қазақстанның сыртқы істер министрінің сөзін.

Сонымен қатар, агенттік Дэвид Кэмеронның Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен келіссөздер жүргізгенін жазды. Келіссөздер барысында Қазақстан басшысы өз елі мен Ұлыбритания арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқанын атап өткен. Ал, ұлыбританиялық саясаткер бірқатар салада әріптестікті нығайтуға ниетін мәлімдеген.

Энергетика, білім, бизнес және мәдениет салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға және халықтар арасындағы байланыстарды өркендетуге ниеттіміз, – деп келтіреді Anadolu агенттігі Дэвид Кэмеронның сөзін.

The Times of Central Asia: Қазақстан этникалық қазақтарды тарихи отанына оралуға шақырады

Халықаралық The Times of Central Asia агенттігі елімізге қандастарымыздың қоныс аударып жатқанын хабарлады. Басылым Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сүйеніп, осы жылдың қаңтар-сәуір аралығында 4351 этникалық қазақ тарихи отанына оралып, «қандас» мәртебесін алғанын жазды.

1991 жылдан бері 1 132 700 этникалық қазақ елге оралды. 2023 жылдан бастап «бір терезе» қағидаты бойынша «қандас» мәртебесін берудің пилоттық схема бойынша Қазақстанның шетелдегі елшіліктері арқылы 7518 этникалық қазақтың өтініші қабылданды. Биыл оралғандардың 51,1% Қытайдан; 31,9% Өзбекстаннан; 6,4% Түрікменстаннан; 5,4% Моңғолиядан; 3,7% Ресейден, 1,5% басқа елдерден келген. Еңбекке жарамды жастағылар – 59,1%, кәмелетке толмағандар – 31,7%, зейнеткерлер – 9,2%, – деп жазды басылым.

Сондай-ақ, агенттіктің жазуынша, ел үкіметі этникалық қазақтарды елдің солтүстігі мен шығысындағы жұмыс тапшы өңірлерге, атап айтқанда, Ақмола, Абай, Қостанай және Павлодар облыстарына көшіріп жатыр.

Eureporter: Қазақстанның көмек алушыдан донорға дейінгі жолы: Қазақстанның даму үшін бөлетін көмегі аймақтың қауіпсіздігіне қалай ықпал етеді

Eureporter жаңалықтар порталы KazAid төрағасы Аркен Арыстановтың Қазақстанның өзі көмекке мұқтаж елден донорға дейінгі жолы және Республиканың көмегі аймақтағы қауіпсіздікке қалай ықпал етіп жатқаны туралы пікірін жариялады.

Бір елдегі дағдарыс оның көршілеріне, тіпті бүкіл жер шарына әсер етуі мүмкін. БҰҰ-ның 2030 жылға дейінгі тұрақты даму жөніндегі күн тәртібі осы ақиқатқа негізделеді, онда даму мақсатында ынтымақтастықтағы әріптестік қажет екеніне баса назар аударылады. Мен KazAid төрағасы ретінде Қазақстан көмекке мұқтаж елден донор елге айналған сәтінен бері осы жаһандық қағидатты ұстанып келе жатқанын мақтанышпен айта аламын, – деп келтірді басылым Аркен Арыстановтың сөзін.

Мақалада экономикалық өсім дамуға ықпал ететін басты күш екені атап өтілген. Қазақстан 1991 жылы тәуелсіздік алғаннан бері айтарлықтай экономикалық өсімге қол жеткізді.

Daryo: Қазақстан ОПЕК+ келісімі аясында 2024 жылы артық өндірген мұнайды өтеуге уәде берді

Өзбекстанның Daryo агенттігінің хабарлауынша, ҚР Энергетика министрлігі 2024 жылдың 1 тоқсанында артық мұнай өндіруді жою жоспарын жариялады. Бұл міндеттеме ОПЕК+ Бірлескен министрлік мониторинг комитетінің (БММК) 53-ші отырысының директиваларына сәйкес келеді. Энергетика министрлігі ел ОПЕК+ уағдаластығы аясында келісілген өндіру көлеміне сәйкес келтіру үшін 2024 жылы өтемақы төлеудің егжей-тегжейлі жоспарын ұстанатынын айтты.

Біз әрбір елдің өз міндеттемелерін сақтауы және мұнай нарығын тұрақтандыру үшін ынтымақтастықты сақтаудың маңыздылығын түсінеміз, – деп келтіреді Daryo Энергетика министрлігінің хабарламасын.

Мақала авторы Қазақстан Үкіметі артық өндірісті басқарудың стратегиялық тәсілін әзірледі, ол келесі жылы кезең-кезеңімен жүзеге асырылады деп атап өтті. Бұл бастама – 2024 жылғы наурызда тіркелген артық өндіруге жауап болып отыр. Ол кезде мұнай өндіру көлемі шектен тәулігіне 131 000 баррельге асып кеткен және ол ауа райының қолайсыздығы мен жылыту маусымының ұзаққа созылуымен байланысты болған. Министрлік болашақта өндіріс көлемін түзетіп отырып, осы міндеттемені орындайтынын хабарлады.

The Times of Central Asia: Қазақстанда тасқын қаупі әлі де бар, бірақ кейбір тұрғындар үйлеріне оралып жатыр

Халықаралық The Times of Central Asia жаңалықтар порталы Қазақстан алапат су тасқынымен күресіп жатқанын хабарлады.

Бірнеше апта бойы Қазақстанда тұрғындарды эвакуациялау, су сору және бөгеттерді нығайту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қауіп әлі де сейілген жоқ, дегенмен кейбір аймақтарда су деңгейі төмендеді және ел үкіметі табиғи апаттан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін жұмыс істеп жатыр, – деп жазды The Times of Central Asia мақаласында.

Мақалада үкіметтің мәліметіне сілтеме жасай отырып жазылғандай, қазірдің өзінде топан суға байланысты эвакуацияланған 22 700-ге жуық адам үйлеріне оралды, Ақтөбе сияқты су тасқынынан ең көп зардап шеккен өңірлерде жағдай тұрақталды. Дегенмен, эвакуациялау орталықтарында мыңдаған адам қалып отыр, олардың көбі – балалар. 2024 жылдың наурызында басталған су тасқынында 100 мыңнан аса адам қауіпсіз жерге көшірілді.

Ақтөбе облысында жаңа үйлердің құрылысы басталып та кетті. Қостанай облысының Арқалық қаласында зардап шеккен 27 адамға пәтер сатып алынды. Басқа өңірлерде де жаңа тұрғын үйлер берілді, – деп толықтырды басылым.

Trend: Қазақстан бюджетті қатаң үнемдеу режимін енгізеді – Қасым-Жомарт Тоқаев

Қазақстанда мемлекеттік қаражатты үнемдеу режимі енгізіледі. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIII сессиясында осындай мәлімдеме жасады. Бұл туралы Әзербайжанның Trend жаңалықтар порталы хабарлады.

Еліміздегі компаниялар, жеке кәсіпкерлер түрлі көмек қорларына қомақты қаржы аударды. Қаражат күн сайын түсіп жатыр, көмек қоры ұлғаяды деп сенемін. Кәсіпкерлерге зор алғыс айтамын. Болашақта да халқымыздың игілігі үшін бірге жұмыс істейміз деп сенемін.Жиналған қаражат елді мекендерді қалпына келтіруге жұмсалады. Сондай-ақ апаттың кесірінен қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмек ретінде беріледі. Ешкім елеусіз қалмайды. Мемлекет шығынды түгел өтейді. Тасқынның зардабын жою үшін бюджет шығыстары қысқартылатын болды. Мемлекет қаржысын қатаң үнемдеу режимі енгізіледі, – деп келтіреді Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзін Trend.

Соңғы жаңалықтар