Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан: ЕО-мен виза режимін жеңілдету, порттарды дамыту, Кабирханның жеңісі

шолу
Коллаж: racingdubai/portkuryk.kz/ kazinform

Осы аптада бірқатар шетелдік БАҚ-та еліміз туралы көптеген мақалалар жарияланды. Әлемдік баспасөз беттерінде Еуропалық Одақпен визалық режимді жеңілдету және Астана халықаралық форумы туралы мақалалар легі жарияланды. Толығырақ Kazinform сарапшысының шолуында.

Caspian news: Қазақстан мен Еуроодақ виза режимін жеңілдету жұмыстарын жалғастыруда

Caspian news агенттігі Қазақстан мен ЕО өкілдері визалық режимді жеңілдету бойынша кездесу өткізгенін хабарлады. Кездесу барысында тараптар консулдық саладағы ынтымақтастықтың бірқатар мәселелерін қозғап, ҚР азаматтары үшін ЕО елдерінің визалық режимін жеңілдету бойынша консультациялардың екінші кезеңін өткізу мәселесін талқылаған. Бұл талқылаулардың негізгі мақсаты – Еуропаға виза режимін оңтайландыру. Бұл консулдық алымдарды азайту, визаның әрекет ету мерзімін ұзарту, өтініштерді қарауға қажетті уақытты қысқартуды және виза алу үшін қажетті құжаттардың бірыңғай тізімін құруды қамтиды.

Келіссөздердің нәтижесі бойынша, ҚР мен ЕО арасындағы консулдық саладағы достық қарым-қатынастарды одан әрі нығайту бойынша уағдаластыққа қол жеткізілді.

«Euractiv» : Қазақстан ЕО инвесторларына портты, әуежайды басқаруды ұсынды

«Euractiv» агенттігі 29 қаңтарда Каспий теңізіндегі Ақтау және Құрық порттарын, сондай-ақ 22 әуежайды Азия мен Еуропа арасында күшті транзиттік хаб құру үшін еуропалық инвесторларға басқаруға ұсынды деп жазды. Бұл туралы Брюссельде Еуропалық Одақ пен Орталық Азия көлік байланысына арналған екі күндік форумның ашылуында сөз сөйлеген Қазақстанның көлік министрі Марат Қарабаев мәлімдеген.

«Біз Қазақстанның қалған 22 әуежайын еуропалық инвесторларға басқаруға беруге дайынбыз, бұл Азия мен Еуропа арасындағы транзиттік хабқа айналады», - деді Қарабаев

Сонымен қатар, министр Каспийдегі, Ақтаудағы және Құрықтағы теңіз порттарына қатысты осындай әріптестік орнату туралы да хабарлады. Форумға шенеуніктер, бизнес-қоғамдастық өкілдері жиналды.

The Times of Central Asia: Қазақстан Еуропа мен Азияны байланыстыратын негізгі көлік орталығы бола алады

Тhe times of Central Asia жаңалықтар агенттігі 29 қаңтарда Брюссельде (Бельгия) өткен ЕО және Орталық Азия көлік қатынасы бойынша Global Gateway инвесторлар форумында ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев Қазақстанды Еуропа мен Азия арасындағы ең негізгі орнықты көлік бағыты ретінде ұсынғанын хабарлады.

«Қарабаев алдағы бес жылда Қазақстан көлік инфрақұрылымының ірі жобаларына 40 млрд еуро (4 43,3 млрд) инвестиция тартуға ниетті екенін айтты», - деп хабарлайды The Times of Central Asia.

Агенттік осы кезеңде Қазақстан ұзындығы 4700 км транзиттік дәлізді қайта жаңартуды және Транскаспий көлік дәлізінің негізін құрайтын жолдарды жөндеуді жоспарлап отырғанын жазады.

«Осы жобаларды жүзеге асыру үшін біз ЕО Global Gateway бастамасы аясында қаражат жинауды және еуропалық мердігерлерді Қазақстандағы жолдардың құрылысына қатысуға шақыруды ұсынамыз», - деп келтіреді Марат Қарабаевтың сөзін The Times of Central Asia.

Мақалада Қазақстан 1300 шақырым жаңа теміржол желісін салып, қолданыстағы инфрақұрылымды жаңғыртатыны туралы айтылады. Бұл жұмыс Азия мен Еуропалық Одақ арасындағы көлік әлеуетін арттыруға бағытталған.

Reuters: Air Astana нарықтық капиталдандыруы $962 млн құрауы мүмкін

Reuters агенттігі қазақстандық «Air Astana» авиакомпаниясы Ұлыбритания биржасында листинг үшін бағалар диапазонын белгілеп, Лондонның баяу IPO нарығын ынталандыратын акцияларды орналастыруға дайындағанын хабарлады.

«Орналастырудың мақсаты – 300 миллион доллар тарту, оның 120 миллионын компания тартады», - делінген Reuters мақаласында.

Агенттіктің хабарлауынша, «Эйр Астана» әуе компаниясы акцияларының нарықтық құнын 770 миллион доллардан 962 миллион долларға дейін жеткізуді мақсат етіп отыр. Қаңтар айында жарияланған алғашқы листинг Қазақстанның ұлттық әл-ауқат қоры мен британдық қорғаныс алыбы BAE Systems (BAES.L) ) компаниясына әуекомпаниясындағы үлесін азайтуға мүмкіндік береді.

Trend.az: Астана халықаралық форумы өтетін күн белгіленді

Әзербайжанның Trend.az ақпарат агенттігі келесі халықаралық Астана форумы 2024 жылдың 13-14 маусымында Қазақстанның елордасы Астанада өтетінін хабарлады.

«Халықаралық қауымдастық поляризацияның өршуі мен геосаяси бөлінуімен бетпе-бет келіп жатқан кезде Қазақстан маңызды жаһандық мәселелерді шешуде күш біріктіру үшін келіссөздер жүргізуге жаңа алаң - Астанадағы Халықаралық форумды ұсынып отыр»,- делінген Trend.az мақаласында.

Агенттік форумның шет елдерден, халықаралық ұйымдардан, бизнес пен ғылыми ортадан келген жоғары деңгейдегі делегаттарға климаттың өзгеруі, азық-түлік тапшылығы және энергетикалық қауіпсіздік сияқты мәселелер жайлы пікірталас жүргізіп, жауап іздеуге мүмкіндік беретінін жазады.

Blood Horse: Таныс болыңыз, Кабирхан - Дубайдағы ат жарысынан әлем чемпионатындағы Қазақстанның басты үміті

Ат спорты туралы жазатын америкалық Blood Horse журналы Дубайда өткен Al Maktoum Challenge Presented by Longines бәйгесінде Кабирхан атты қазақстандық сәйгүлік оңайлықпен жеңіске жеткенін хабарлады. Талай шетелдікті таңдай қақтырған тұлпар Қазақстанның атын әлемге танытып отыр.

Мақалада сәйгүлік 12 қаңтарда Мейдандағы алғашқы жарысындта керемет өнер көрсетіп, мәре сызығын бірінші болып кескені жазылған. Екінші жарысында да ол ешкімге дес бермеді. Бұл жеңістен кейін Кабирхан 30 наурызда өтетін әлем чемпионатына қатысуға жолдама алды.

«Ол - өте жақсы ат. Біз оны екі апта бұрын жарысқа шығарғанға дейін де мықты екенін білдік, бәйгеге тыңғылықты дайындалды. Алайда араға екі апта салып, тағы да жарыс жолына шыға ала ма деген күмән болға. Бірақ тұлпарымыз бәйгеге қосылып қана қоймай, осындай әдемі жеңіске жетті», - деді жеңімпаз аттың жаттықтырушысы Даг Уотсон.

Кабирхан 2021 жылдың қыркүйек айында Кинлендтегі жыл сайынғы сатылымда 12 000 долларға сатып алынған.

Соңғы жаңалықтар