Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан: Кореяда заңды жұмыс істеуге рұқсат, қатерлі ісікке қарсы дәрі және алкилат зауыты
АСТАНА. KAZINFORM – Әдеттегідей жаһандағы интернет-басылымдар елдегі көп жайға үңілді. Астанадағы онкологиялық орталықта сынақтан өтіп жатқан қатерлі ісікке қарсы дәрі, қазақстандықтардың Оңтүстік Кореяда заңды түрде жұмысқа орналасуына мүмкіндік беретін EPS жүйесі туралы жазылған. Байқоңырдан «Союз-5/Сұңқар» зымыранын ұшыру мерзімі мен Павлодардағы алкилат зауытының құрылысы да айтылыпты. Толығырақ Kazinform тілшісінің шолуынан оқыңыз.
The Times of Central Asia: Қазақстандықтар Оңтүстік Кореяда заңды түрде жұмыс істей алады
Қазақстан Оңтүстік Кореяның Employment Permit System (EPS) жүйесіне ресми түрде қосылды. Бұл қазақстандықтарға Кореяда ресми әрі заңды жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді. Жаңалықты The Times of Central Asia таратты.
Қазақстан азаматтарын жұмысқа тарту 2028 жылдан басталады деп жоспарланған. Оған дейін үкіметаралық меморандумға қол қойылып, Қазақстанда корей тілінен тест өткізетін EPS-TOPIK орталығы ашылады.
EPS бағдарламасы шетелдік жұмысшыларға өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, ауыл шаруашылығы және балық шаруашылығында жұмыс істеуге рұқсат береді. Ол үшін E-9 визасын алуға жағдай жасайды. Әдетте жұмысшылар елге үш жыл мерзімге кіреді, ал визаны ұзарту арқылы Оңтүстік Кореяда қалу мерзімін төрт жыл он айға дейін созуға болады.
Үміткерлер корей тілінен тест тапсырып, кәсіби дағдыларын бағалаудан және медициналық тексеруден өтеді. Жұмысшылар делдалдар арқылы емес, тек ресми жүйе арқылы іріктеледі.
Айта кетейік, 2025 жылы Оңтүстік Кореяда шамамен 15 мың қазақстандық жұмыс істеді, олардың 11 мыңға жуығының заңды мәртебесі болмаған.
Report: 2027 жылы қатерлі ісікке қарсы дәрі шығуы мүмкін
Қазақстанда DVC деген атаумен қатерлі ісікке қарсы препаратты сынақтан өткізіп жатыр. Қазір Астанада клиникалық сынақтың екінші кезеңі басталды. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, сынақ аяқталған соң препарат тіркеуден өтпек. Министр сөзін Report агенттігі бөлісті.
Қатерлі ісікке қарсы отандық DVC дәрісін Nazarbayev University ғалымдары әзірлеуге кіріскен. Қазір препараттың клиникалық сынақтарының екінші кезеңі аяқталуға жақын. Бұл кезеңде дәрінің мөлшері және оның адам ағзасына әсері зерттеледі.
Егер дәрі Қазақстанда сатылатын болса, оны елдегі Денсаулық сақтау министрлігі тексереді. Ал препаратты халықаралық нарыққа шығару жоспарланса, халықаралық талаптарға сәйкес қосымша рәсімдерден өту қажет.
– АҚШ-та тіркеуден өту – әлемдегі ең қатаң талаптың бірі. Бұл талаптарды көп елде мойындайды. Еуропаның өз талабы мен стандарты бар, Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде де өзіндік қағида қарастырылған. Қазір басты мақсатымыз – дәрінің Қазақстанда және ЕАЭО аумағында ресми тіркелген препарат ретінде қолданылуына қол жеткізу, – деді Саясат Нұрбек.
TACC: «Бәйтерек» жобасы аясында зымырандардыұшыру мерзімі 2027-2028 жылдарға қалды
Қазақстан мен Ресейдің «Бәйтерек» жобасы аясында «Сұңқар – Союз-5» зымыран тасығышының кезекті ұшыру мерзімдері 2027-2028 жылдарға жоспарланған. Бұл туралы бірлескен кәсіпорынның өкілі, ғарышкер Айдын Айымбетов мәлімдеді.
Ресейлік ТАСС ақпарат агенттігінің жазуынша, зымыранды екінші мәрте ұшыру мерзімі әзірге белгіленген жоқ. Жоспар бойынша екінші ұшыру 2026 жылға белгіленген еді, алайда, ең ықтимал нұсқа ретіде 2027 жылға шегерілді. Соған сәйкес, үшінші сынақ зымыранын ұшыру мерзімі 2028 жылы өтуі мүмкін.
Бұған дейін бірінші «Сұңқар – Союз-5» зымыран тасығышын ұшыру 2026 жылғы 30 сәуірде өткен болатын. Ол кезде де ұшыру мерзімі 2025 жылға жоспарланғанымен, 2026 жылға шегерілген. Айдын Айымбетовтің айтуынша, мұндай жағдайға қауіпсіздік мәселесі, дайындық жұмысы әсер еткен.
Jiji Press: Алкилат өндіретін зауыт салынуда
Павлодар облысында К5 бензиніне қажетті алкилат өндіретін зауыт салынып жатыр. Энергетика министрлігінің мәліметінше, жаңа зауыт 2027 жылы іске қосылмақ. Ақпаратты жапондық Jiji Press жариялады.
Алкилат өндіретін зауыттың құрылысын «INTERTRANS C.А.» ЖШС қолға алған, ал жобаның инвестициялық құны - 35,5 млрд теңге. Қазір құрылыс алаңында су деңгейін төмендету, тауарлық парк пен сорғы станцияларын салу жұмысы жүргізіліп жатыр.
Зауыт жылына 110 мың тонна бутан-бутилен фракциясынан 97,6 мың тонна алкилат өндірмек. Алкилат – жоғары октанды әрі экологиялық таза мотор отынының компоненті, ол К5 стандартына сәйкес келетін бензин өндіруде пайдаланылады.