Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан: Малайзиямен ынтымақтастық, теннистегі жетістік және ШЫҰ қауіпсіздік кеңесі

шолу
Коллаж Midjourney, Pixsbay, DALL-E

Осы аптада шетелдік басылымдар елімізге қатысты түрлі ақпарат таратты. Халықаралық басылымдар Астанада өткен ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің қауіпсіздік кеңестері хатшыларының кездесуі, еліміздің Малайзиямен тұрақты даму жобаларын бірігіп жасаудағы ынтымақтастығы және қазақстандық теннисшілердің жетістігін жазды. Әлемдік БАҚ Қазақстан туралы тағы не жазды – толығырақ Kazinform тілшісінің шолуынан оқыңыз.

Daryo: Қазақстан тұрақты даму бастамаларын жүзеге асыруда Малайзиямен ынтымақтасады

Тұрақты даму бастамаларын ілгерілету үшін Қазақстанның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы орталығы жақында Ecolos көмегімен Малайзияның Ranhill халықаралық компаниясымен келіссөздер жүргізе бастады, деп хабарлады өзбекстандық daryo агенттігі.

Басылымның мәліметінше, тараптар ағын суды тазарту қондырғылары жобаларына және инфрақұрылымды көміртексіздендіруге бағытталған бастамаларға ерекше назар аудара отырып, ынтымақтастықтың стратегиялық бағыттарын талқылады. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық ҚазОрталығы халықаралық және жеке инвестицияларды тарту арқылы ағын суды тазарту жобаларында Ranhill және Ecolos компанияларына қолдау көрсетуге дайын.

Бұл жобаның бүкіл Қазақстан бойынша енгізу перспективасымен декарбонизация саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың үлгісі болу әлеуеті бар. Тараптар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық ҚазОрталығы техникалық спецификацияны әзірлейді, ал Ranhill компаниясы Ecolos компаниясымен бірлесіп, алдын ала жобаны ұсынады деп келісті. Жобаны бюджет қаражатына сүйенбей, халықаралық және жеке инвестицияларды тарту арқылы жүзеге асыру жоспарланған, – деп жазды daryo.

The Times of Central Asia: Қазақстан теннисі: шетелдік таланттар және бұқаралық бағдарламалар

Қазақстандық теннисшілердің жетістіктері туралы The Times of Central Asia жазды. Басылым Елена Рыбакина, Әмір Омарханов, Асылжан Арыстанбекованың жетістіктеріне тоқталды.

Агенттіктің мәліметінше, Мәскеуде туған Қазақстан азаматы Елена Рыбакинаның өткен демалыста Miami Open турнирінде сәтті өнер көрсетіп, финалға дейін жетті. Қазақстан Теннис Федерациясы бұл жетістікті лайықты деңгейде атап өткенімен, бірақ әлемдік деңгейде отандық спортшылардың топ жарғанын қалайды.

Тамаша екі апта болды. Көптеген қиын матчтар, керемет кездесулер өткердік, – деп келтірді басылым 24 жастағы Рыбакинаның сөзін.

Қазақстандық теннисші финалға жеткенше бес кездесуде жеңіске жетіп, ақтық сында америкалық Даниэль Коллинзден жеңіліп қалды. Әлемнің төртінші ракеткасы Рыбакина 2022 жылы Уимблдонның жеңімпазы атанды, ал өткен жылы Австралия ашық чемпионатында екінші орын алған болатын.

Ең талантты теннисшілер қатарында Әмір Омарханов бар, ол биыл жасөспірімдер арасында Австралия ашық чемпионатының ширек финалына шыққан тұңғыш қазақстандық ойыншы болды. Әйелдер арасында биыл Мельбурн қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы жұптық турнирде Асылжан Арыстанбекова ширек финалға шықты, – деп жазды The Times of Central Asia.

Anadolu: Қазақстан Президенті ШЫҰ заманауи сын-қатерлер мен қауіптерге қарсы қолданатын әдіс-тәсілдерін күшейтуі қажет деп мәлімдеді

Түркияның Anadolu агенттігі елордада өткен ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің қауіпсіздік кеңестері хатшыларының кездесуі туралы жазды. Басылымның мәліметінше, сәрсенбі күні Қазақстан Президенті Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) заманауи сын-қатерлер мен қауіптерге қарсы қолданатын әдіс-тәсілдерін күшейтуі қажет екенін айтты.

Мемлекеттеріміздің шырқын бұзатын терроризм, экстремизм және сепаратизм әрекеттерінің белең алуына жол беруге болмайды, – деп келтірді түркиялық агенттік Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзін.

Anadolu Тоқаев Қазақстанның ұсынысы бойынша ШЫҰ қызметін жетілдіру үдерісі басталғанын айта келе, аймақтық және халықаралық қауіпсіздіктің тиімді құралы ретінде ұйымның әлеуетін іске асыру қажеттігін атап өткенін жазды.

The Times of Central Asia: Қазақстан Президенті аймақтық қауіп-қатерлерге тоқталды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ-ға мүше елдер: Қытай, Ресей, Үндістан, Қырғызстан, Тәжікстан, Пәкістан, Иран, Өзбекстан және Қазақстанның қауіпсіздік кеңестерінің хатшыларымен кездесуі туралы The Times of Central Asia да жазды.

Басылым бұған дейінгі агенттіктің мәліметімен қоса, Қазақстан Президентінің 2025-2027 жылдарға арналған терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі ШЫҰ ынтымақтастық бағдарламасын әзірлеу, сондай-ақ ШЫҰ-ның 2024-2029 жылдарға арналған есірткіге қарсы стратегиясын қабылдау қажеттігін айтқанын хабарлады.

...Трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа, заңсыз есірткі айналымына және киберқауіпсіздік сын-қатерлеріне қарсы күрес Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалық ету кезеңіндегі ең басты басымдықтардың бірі саналады,деп жазды The Times of Central Asia Тоқаевтың баяндамасына сілтеме жасай отырып.

Соңғы жаңалықтар