Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан: министрлердің кездесуі, әскери оқу-жаттығу және қаржы пирамидасын жою

АСТАНА. KAZINFORM – Әдеттегідей алыс-жақын елдердегі баспасөз беттерінде Қазақстан жайлы аз жазылған жоқ. Әсіресе, Алматыда ТМД мемлекеттерінің Сыртқы істер министрлерінің бас қосуы, Қазақстан мен Әзербайжанның қаржы бағытындағы ынтымактастықты дамытуы ерекше көзге түсті. Бұдан бөлек, әзербайжандық тарап елімізбен әскери бағытта да кездесулер өткізді. Толығырақ Kazinform тілшісінің шолуынан оқи аласыз.

шолу
Коллаж: Kazinform

Anadolu: Алматыда ТМД Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы өтіп жатыр

Айтулы кездесу барысында достастық аясындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бағытталған кең ауқымды мәселелерді талқылау жоспарлануда. Министрлер кеңесінің отырысы «Орталық Азия – Ресей» форматында өтіп жатыр. Жаңалықты Anadolu жазды.

Ресми бөлім басталар алдында Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу делегация мүшелерін қарсылап алды. Іс-шара дәстүрлі протоколдық фотосессиядан басталды, одан кейін министрлер өңірлік және халықаралық ынтымақтастықтың негізгі мәселелерін талқылауға кірісті.

Нұртілеу өз сөзінде 2025 жыл достастық рухында совет-герман соғысындағы жеңістің 80 жылдығы аясында өтіп жатқанын айтты.

«Қазақстан стратегиялық тыл ретінде ерекше рөл атқарды. Біздің республикадан майданға 1,2 миллион сарбаз жұмылдырылды, бұл еліміздің барлық халқының шамамен 25%-ын құрады. Біз армияны ұдайы азық-түлікпен қамтамасыз еттік: соғыс жылдары майданға 5 миллион тоннадан астам нан мен 800 мың тонна ет жөнелтілді», – деді ол.

Достастық шеңберіндегі ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бағытталған кең ауқымды мәселелерді талқылау жоспарлануда. Саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және өзара іс-қимылдың өзге де салаларындағы күш-жігерді үйлестіруге ерекше назар аударылатын болады.

Сыртқы істер министрлерінің «Орталық Азия – Ресей» форматындағы кезекті кездесуі аясында өңір елдерінің сауда-экономикалық және инвестициялық, көлік-логистикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы, сондай-ақ өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы өзара іс-қимылының өзекті мәселелерін талқылау жоспарланған.

Сонымен қатар, ТМД бас хатшысы Сергей Лебедев ТМД Сыртқы істер министрлері кеңесінің күн тәртібіне 13 сұрақ пен 17 жобалық құжат енгізілгенін хабарлады.

Оның айтуынша, отырысқа қатысушылар мақұлдаған жағдайда осы құжаттардың алтауы Мемлекет басшылары кеңесінің қарауына шығарылады. Атап айтқанда, ТМД-ның «1941-1945 жылдардағы еңбек даңқы қаласы» құрметті атағын беру туралы 13-ші мәселені 2025 жылғы 9 мамырға дейін аяқтау үшін жұмыс тәртібімен мемлекет басшыларына қол қоюға жіберу ұсынылады.

Сондай-ақ, Сергей Лебедев мемлекеттік ішкі процедуралардың аяқталмауына байланысты күн тәртібінен үш мәселе алынғанын атап өтті. Алайда олармен жұмыс жалғасуда және олар Достастықтың күн тәртібінде қалады, бірақ кейінге қалдырылады. Бұдан басқа, алдағы уақытта қарауға тағы да бес құжат енгізу жоспарланып отыр.

«Бүгін қаралып жатқан құжаттар бойынша барлық ұсыныстар мен ескертулер кеше өткен кеңесте қатысушы мемлекеттердің өкілдерімен алдын ала келісілді. Осылайша, барлық құжаттар сараптамалық пысықтаудан және қажетті келісуден өтті және ескертулерсіз қарауға дайын», – деп атап өтті Лебедев.

Шағын құрамдағы отырыс аясында делегация басшылары өзекті халықаралық мәселелер бойынша, сондай-ақ ТМД аясындағы өзара іс-қимыл мәселелері бойынша пікір алмасады.

Кеңейтілген құрамда 2026-2030 жылдарға арналған сыртқы шекараларда шекара қауіпсіздігін нығайту жөніндегі ТМД мемлекеттерінің ынтымақтастық бағдарламасының жобасын, сондай-ақ ТМД-дағы еріктілер қозғалысына қатысты мәселелерді талқылау жоспарланып отыр. Отырысты келісілген құжаттарға қол қою рәсімі аяқтайды.

Trend: Әзербайжан мен Қазақстанның қаржы құрылымдары арасындағы ынтымақтастықты кеңейту талқыланды

Мадина Әбілқасымова бастаған ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің делегациясы Әзербайжанға бас сұқты. Сәрсенбі күні Trend Әзербайжан Орталық банкіне сілтеме жасап хабарлағандай, Орталық банк төрағасы Талех Кязимов қазақстандық делегациямен кездескен.

Кездесуде Орталық банк төрағасы қазақстандық делегацияға банк жүзеге асырып жатқан «2024-2026 жылдары қаржы секторын дамыту стратегиясы» және оның шеңберінде атқарылып жатқан стратегиялық бастамалар туралы ауқымды ақпарат жеткізді.

Кездесу барысында ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы қаржылық тұрақтылықты, банктік және сақтандыруды қадағалауды қамтамасыз ету саласында қолданылатын тәсілдер туралы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының қаржы нарықтарын реттеу саласындағы тәжірибесі туралы егжей-тегжейлі ақпарат берді. Сондай-ақ, Қазақстанда цифрландыру бойынша жүзеге асырылып жатқан жобалардың және осы бағытта атқарылған жұмыстардың тұсаукесері өтті.

Кездесу құрылымдар арасындағы ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктерін, сондай-ақ өзара қызығушылық тудыратын басқа да мәселелерді талқылаумен жалғасты.

Report: Қазақстан мен Әзербайжан «Хазри-2025» бірлескен тактикалық оқу-жаттығуы бойынша конференция өткізді

Әзербайжан Республикасының Қорғаныс министрлігі мен Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі арасында қол қойылған бірлескен іс-қимыл жоспарына сәйкес, екі елдің Әскери-теңіз күштерінің корабльдері мен әскери қызметшілерінің қатысуымен «Хазри-2025» бірлескен тактикалық оқу-жаттығуын өткізуге байланысты жоспарланған конференция өтті. Ақпаратты Report таратты.

Әзербайжан Қорғаныс министрлігі хабарлағандай, іс-шараға Қазақстан әскери теңіз күштерінің бас қолбасшысының бірінші орынбасары – Бас штаб бастығы, 1-дәрежелі капитан Қанат Ниязбеков және Әзербайжан ӘТК қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы 1-дәрежелі капитан Теймур Муршудов бастаған делегациялар қатысты.

Кездесу қорытындысы бойынша Каспий теңізінің қазақстандық секторында өтетін бірлескен тактикалық оқу-жаттығуларды өткізу жөніндегі конференцияның қорытынды хаттамасына қол қойылды. Оқу-жаттығудың мақсаты – Әзербайжан мен Қазақстанның әскери теңізшілерінің кәсібилігін арттыру және тәжірибе алмасу.

ТАСС: Қазақстанда Qnet қаржылық пирамидасын ұйымдастырушылар сотталды

Қазақстандағы Qnet қаржылық пирамидасын ұйымдастырушылар 6 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Олардың Астанадағы 7 пәтері мен автокөлігі тәркіленді. Бұл туралы республиканың қаржы мониторингі жөніндегі агенттік департаментіне сілтеме жасай отырып, ресейлік ТАСС мәлімдеді.

«Qnet қаржылық пирамидасының құрылымдық бөлімшесін ұйымдастыру туралы іс бойынша үкім шығарылды. Сот үкімімен қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар кінәлі деп танылып, оларға 6 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», – делінген хабарламада.

Іс бойынша айыпталушылар азаматтарды көп деңгейлі маркетингтік желіге және электрондық коммерцияға ақша инвестициялауға, соның ішінде QVI Tripsaver саяхат карталарын және зергерлік бұйымдарды сатып алуға көндірген. Салымдар сомасы 840 мыңнан 4 млн теңгеге дейін болған, міндетті шарт - әдеттегідей басқа адамдарды тарту. Қаржылық пирамидаға 63 млн теңгеден астам қаржы салынған, 51 азамат тартылған. Сот кінәлілерден 301 млн теңгенің мүлкін тәркіледі.

Соңғы жаңалықтар