Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан: Париждегі қазақ киносы, Кореямен байланыс және әскери дайындық
АСТАНА. KAZINFORM — Әдеттегідей жаһандағы ақпарат таратушы интернет-басылымдар еліміздегі көп жайға үңілді. Оның ішінде Қазақстанның 2040 жылға қарай қанша мұнай өндіретіні, Париждегі қазақ киносы күні туралы кең қаузалған. Президенттің Оңтүстік Кореяға сапары аясында жасалған келісімдер мен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының ел аумағындағы оқу-жаттығуы туралы да айтылыпты. Толығырақ Kazinform тілшісінің шолуынан оқыңыз.
Reuters: Қазақстан мен Оңтүстік Корея атом энергетикасы бойынша меморандумға қол қойды
Оңтүстік Корея мен Қазақстан сейсенбі күні атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы өзара түсіністік меморандумына қол қойды. Сондай-ақ тараптар сауда, энергетика, пайдалы қазбалар және жасанды интеллект салаларында бірлесіп жұмыс істеуге уағдаласты. Сеулдің баспасөз қызметінің мәліметін Reuters таратқан.
Атом энергетикасы саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум сейсенбі күні қол қойылған 13 құжаттың қатарына енді. Құжаттар мұнай, ғылым және технология салаларындағы байланысты да қамтиды.
Jiji Press: Парижде Қазақстан киносы күндері басталды
17-19 қыркүйек күндері Қазақстан мәдениеті күндері аясында Парижде Қазақстан киносы күндері басталды. Шарада отандық классикалық кинотуындылар мен заманауи фильмдер ұсынылмақ. Жаңалықты Jiji Press бөлісті.
Кино күндері көрнекті режиссер Абдолла Қарсақбаевтың «Алты жасар Алпамыс» фильмімен басталды. Режиссердің туғанына 100 жыл толуына орай туындының 4K форматында реставрациядан өткен нұсқасы көрсетілген.
Заманауи отандық киноларлың қатарындағы «Qaitadan» және «Игроманка» фильмдері де көрерменге жол тартты. Екі туынды мемлекеттік қолдаумен түсірілген.
Xinhua News: 2040 жылға қарай мұнай өндіру көлемі артады
Қазақстан 2040 жылға қарай мұнай өңдеу көлемін екі еседен астам арттырып, мұнай өндіру мен өңдеу арақатынасын қазіргі 5:1 көрсеткішінен 2,5:1-ге дейін қысқартуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Энергетика министрлігінің Мұнай өңдеу және мұнай өнімдерін өндіру басқармасының басшысы Назым Бекбатырова мәлімдеген. Ресми деректі қытайлық Xinhua агенттігі жариялады.
Қазақстанда 2025-2040 жылдарға арналған мұнай өңдеу саласын дамыту тұжырымдамасы бекітілді. Онда мұнай өңдеу қуаты, мұнайды өңдеу тереңдігі және мұнай сапасына қатысты жоспар қамтылған.
Айта кетерлігі, мұнай өндіру көлемін ұлғайту үшін Қазақстанға 15-19 млрд доллар көлемінде инвестиция қажет.
ТАСС: «Шеп-2026» оқу-жаттығуының екінші кезеңі басталды
Қазақстандағы «Көктал» оқу-жаттығу полигонында Орталық Азия өңірінің «Шеп-2026» оқу-жаттығуы басталды. Ресейлік ТАСС ақпарат агенттігінің хабарлауынша, шара туралы ҰҚШҰ Біріккен штабының баспасөз хатшысы Владислав Щегрикович мәлімдеген.
Оқу-жаттығу 13-18 қыркүйек аралығында өтті. Онда 1500-ге жуық әскери қызметші және 300-ден астам қару-жарақ, әскери және арнайы техника, оның ішінде 115 ұшқышсыз ұшу аппараты қамтылған. Оған қоса кіші шабуылдау топтары мотоциклдерді, квадроциклдерді және «Ұлан-1» және «Ұлан-2» тактикалық көліктерін пайдаланды.
Практикалық іс-қимылдар таулы-шөлейт жерлердің ерекшеліктерін ескере отырып жүргізілген және Қазақстанның Шекара қызметі мен Ұлттық ұланы қосылған.