Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан: Президент сапары, аэротакси мен мұнай өндіру көлемі
АСТАНА. KAZINFORM — Бұл аптада әлемдік медиада Қазақстан хабары көбейді. Президенттің Ресейге сапары, Жаңаөзен қаласында ашылған газ электр станциясыжәнемұнай өндіру көлеміне қатысты жаңалықтар тарады. Қазақстанның ұзақмерзімді дамуына қатысты ұсыныстар әзірлейтін сараптама тобының құрамы туралы да айтылған. Толығырақ Kazinform тілшісінің шолуынан оқыңыз.
ТАСС: Тоқаев пен Путин ЖИ жөніндегі форумға қатысады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейге сапары аясында РФ президенті Владимир Путинмен кездесті. Жаңалықты ТАСС ақпарат агенттігі жазған.
Сапардың алғашқы күнінде мемлекет басшылары кездесіп, Қазақстан мен Ресейдің жасанды интеллект технологияларын енгізуге арналған форум көрмесін аралап көрді. Алдағы уақытта көшбасшылар «Жасанды интеллект әлеміне саяхат» (AI Journey) халықаралық конференциясының пленарлық отырысына қатысады.
Мемлекет басшысы жасанды интеллект тақырыбына арналған AI Journey 2026 конференциясын өткізудің маңызына тоқталды. Президенттің айтуынша, Қазақстан ресейлік жоғары технологиялық компаниялардың қызметін, әсіресе, киберқауіпсіздікті дамыту барысын қызығушылықпен зерделеп отыр.
– Менімен бірге үлкен делегация келді. Олардың қатарында цифрландыру мен жасанды интеллект технологиялары енгізіліп жатқан барлық бизнес саласының өкілдері бар. Ресейдің жоғары технологиялық бизнесі Қазақстанда кеңінен танымал, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
The Times of Central Asia: Стратегиялық даму жөніндегі сараптама тобының құрамын бекітілді
Қасым-Жомарт Тоқаев стратегиялық даму мәселелері жөніндегі сараптама тобының құрамын бекітті. Топ ұзақмерзімді даму бағыттарын айқындап, елдің стратегиялық басымдықтарын сараптамалық тұрғыдан пысықтайды. Ақпаратты The Times of Central Asia жариялады.
Сараптама тобы мемлекет басшысы жанындағы консультативтік-кеңесші орган болады. Оның негізгі міндеттері – елдің ұзақмерзімді дамуына қатысты тұжырымдамалық тәсілдерді әзірлеу, сондай-ақ талдамалық, әлеуметтік және форсайт зерттеулерінің нәтижелерін талқылау.
Топты Қазақстан Республикасының вице-президенті Ерлан Қарин басқарады. Жетекшінің орынбасарлары болып Президент кеңесшісі – Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Әсет Ерғалиев пен Президент Әкімшілігі жанындағы өкіл Аида Балаева бекітілген. Хатшы қызметін Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Жандос Шаймарданов атқарады.
Сараптама тобының құрамына Құрылтай депутаттары, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері, мемлекеттік органдар мен ғылыми-зерттеу ұйымдарының өкілдері, бизнес және қоғамдық сектор мамандары енген.
Reuters: Қазақстан мұнай өндіру қуатына қатысты ұсыныс айтты
Қазақстан мен Ирак ОПЕК+ ұйымынан өздерінің мұнай өндіру қуатына қатысты бағалау көрсеткішін ұлғайтуды сұрады. Аталған бағалау көрсеткіші ұйымға мүше елдердің келесі жылы қанша мұнай өндіре алатынын айқындайды.
Reuters-тің хабарлауынша, ҚР Энергетика министрлігі мұнай өндіру қуатын бағалау жүргізілгенін растады. Алайда оның нәтижесі мен алдағы қадамға қатысты түсініктеме бермеген.
Ирандағы әскери қақтығыс Таяу Шығыстан мұнай жеткізуге кедергі келтіргендіктен, осы өңірдегі ОПЕК+ ұйымына мүше елдер биыл белгіленген квотадан аз мұнай өндірді. Соған қарамастан сарапшылар 2027 жылы нарықта артық ұсыныс қалыптасуы мүмкін деп алаңдаулы. Бұл болжам мұнай бағасына қысым түсіруде.
Report: Газ электр станциясы іске қосылды
«ҚазМұнайГаз» бен италиялық Eni компаниялары газ электр станциясының құрылысын аяқтады. Жаңаөзен қаласындағы жаңа нысанның қуаты 120 МВт шамасында.
Report агенттігінің дерегінше, Жаңа нысан – қуаты 247 МВт болатын гибридті электр станциясы жобасының бір бөлігі. Станция үш энергия көзі арқылы электр қуатын өндіреді: күн энергиясынан – 50 МВт, газдан – 120 МВт және жел энергиясынан – 77 МВт.
– Жаңа нысан ҚМГ-ның өңірдегі еншілес кәсіпорындарын, соның ішінде «Өзенмұнайгаз» АҚ мен «ҚазГӨЗ» ЖШС-ны тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – делінген хабарламада.
Күн электр станциясының құрылысы өткен жылы қыркүйекте аяқталған. Қазір жел электр станциясының құрылысы жалғасып жатыр. Оны 2027 жылы іске қосу жоспарланған. Үш электр станциясы толық іске қосылғаннан кейін кешенде 77 адам жұмыс істейтін болады.
Euronews: Роботтар, әуе таксилері және цифрлық инвестицияларға арналған қала салынып жатыр
Қазақстан Алатау қаласын цифрлық қаржы және инвестиция орталығы ретінде дамытуды көздеуде. Енді Үкімет шаһарға капитал тартудың жаңа құралы ретінде токенизацияны экономикаға енгізуді жоспарлап отыр. Ақпаратты Euronews таратты.
Алатау қаласы дрондар, роботтар және әуе таксиін пайдалануға бейімделіп жобаланып жатыр. Қаланың бас жоспарында әуе қозғалысына арналған арнайы дәліздер, әуе таксилерінің ұшу-қону орындары, дрондарға арналған алаңдар қарастырылған. 2026 жылғы мамыр айында қалада электрлі әуе таксиінің сынақ көрсетілімі өтті. Сондай-ақ жүк дрондарының жұмысы таныстырылды.
Қаланың бас жоспары жасанды интеллект пен цифрлық технологияларға негізделген. 5G байланыс желісі энергия тұтынуды есептеп, тұрғын үйлерді автоматтандырады. Көлік қозғалысын басқару, тұрақтар, бейнебақылау, қалдықтарды кәдеге жарату жүйелеріне де ЖИ қосылмақ. Тазартылған судың 30–40%-ын жасыл желектерді суаруға және өнеркәсіптіке қайта пайдалану көзделген.