Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан: су тасқыны, Рим Папасының үндеуі, Макаомен визасыз режим

Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан
Фото: Freepik ;Midjourney; Kazinform

Осы аптада бірқатар шетелдік БАҚ-та Қазақстан туралы көптеген мақала жарияланды. Әлемдік баспасөз беттерінде елдегі су тасқыны, Рим Папасының қолдауы, банк рейтингіндегі ел позициясының жақсарғаны туралы жазылды. Халықаралық баспасөз тағы не жазды – Kazinform тілшісінің шолуынан оқыңыз.

BBC: Қазақстан мен Ресей соңғы жылдардағы ең ауыр су тасқынынан зардап шекті

Шетелдік бірқатар басылым елдегі су тасқыны туралы жазды. Солардың бірі – халықаралықBBC ақпарат агенттігі.

Қазақстанда жексенбіде Төтенше жағдайлар министрлігі 12 мыңға жуық адам уақытша баспаналарға орналастырылғанын хабарлады. Сонымен қатар, құтқарушылар 60 мыңға жуық үй жануарын қауіпсіз аймақтарға жеткізді, – делінген материалда.

Мақала авторы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзін келтірді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сенбі бұл Қазақстанда соңғы 80 жылдағы ең ауыр табиғи апат екенін айтты. Телеарна арқылы халыққа арнаған үндеуінде Тоқаев мырза үкімет су тасқынының салдарын жою бойынша жұмысты күшейткенін және барлық қажетті көмек көрсетілетінін айтты, – деп келтірді Мемлекет басшысының сөзін.

Vatican news: Рим Папасы Қазақстандағы су тасқынынан зардап шеккендерге дұға етуді сұрады

Сондай-ақ, Vatican news порталы да су тасқынына қатысты материал жазып, Рим Папасы Францисктің аудиенция кезінде қазақстандықтарға қолдау білдіргенін хабарлады. Басылымның мәліметінше, Рим Папасы Франциск Қазақстанның көптеген аймағы зардап шеккен және мыңдаған адамдарды эвакуациялауға мәжбүр болған қатты су тасқынынан зардап шеккендер үшін дұға етуді сұраған.

Мен осы уақытта Қазақстан халқына рухани жақын екенімді жеткізгім келеді, – деп келтірді басылым Рим Папасының 2024 жылғы 10 сәуірде өзінің жалпы аудиенциясында сөйлеген сөзін.

Порталдың мәліметінше, Каспий теңізіне құятын Жайық өзеніндегі су қауіпті деңгейден 70 см-ге асып, 10 метрге жеткеннен кейін елді мекендерді су басты. 100 мыңнан астам адам қауіпсіз жерге көшірілген.

The times of Central Asia: Қазақстандық бес банк S&P рейтингінде позициясын жақсартты

Жетекші рейтинг агенттіктерінің бірі саналатын S&P Global Ratings өз болжамын қайта қарап, қазақстандық бес банктің позициясын көтерді. Бұл туралы The Times of Central Asia порталы хабарлады.

Порталдың мәліметінше, S&P сарапшылары соңғы жылдары Қазақстанның банк секторы макроэкономикалық тәуекелдерге, әсіресе аймақтағы геосаяси тұрақсыздықтың күшеюі аясында төзімділік танытқанын атап өтті.

Банк активтерінің сапасы мен қаржылай көрсеткіштері талдаушылардың күткенінен айтарлықтай асып түсті. Нәтижесінде S&P экономикалық тәуекелдерді бағалауды жақсартты және салалық тәуекелдер үрдісін «оң» деңгейіне қайтарды. Мысалы, 2024 жылдың басындағы жағдай бойынша мерзімі өткен несиелердің үлесі (90 күннен астам мерзімі өткен) жалпы портфельдің небәрі 3%-ын құрады, бұл өткен жылдармен салыстырғанда айтарлықтай төмен болды, – делінген Times of Central Asia мақаласында.

Порталдың мәліметінше, рейтингіге «Halyk Bank», «Kaspi Bank», «Bank CenterCredit», «ForteBank» және «Нұрбанк» сияқты банктер енді.

Daryo: AIX операциялық директоры Қазақстанның дамуы туралы пікір білдірді

Өзбекстандық Daryo ақпараттық порталы Астана халықаралық биржасының (АІХ) операциялық директоры Оливье Гериспен сұхбаттасып, спикердің Қазақстанның дамуы жайлы ойын жариялады.

Басылымның хабарлауынша, Оливье Герис AIX-ке келгенге дейін Қатар қор биржасының бас операциялық директоры қызметін атқарған. Оның тәжірибесі AIX-тің Орталық Азияда және одан тыс жерлерде қаржы орталығы ретінде қалыптасуына ықпал еткен.

Қазақстан мұнай мен газдың ірі өндірушісі ретінде өз экономикасын әртараптандыруға міндетті түрде ұмтылуы керек. Мен білім саласында (әсіресе университеттерде), ауыл шаруашылығына қатысты кәсіпорындарда және Fintech/Smart Tech компанияларында айтарлықтай жетістіктерді көріп отырмын. Қазақстан – IT-мен байланысты жобалардың ордасы, оның жас тұрғындарының кәсіпкерлік және инновациялық рухында теңдесі жоқ, менің ойымша, қазір бұл деңгейге тек Сауд Арабиясы ғана сәйкес келеді, – деп келтірді Оливье Геристің сөзін басылым.

Жалпы, материалға сүйенсек, Оливье Герис шетелдік инвесторлар үшін инвестициялық ахуалдың айтарлықтай жақсарғанын да атап өтті.

Daryo: Қазақстан мен Макао екіжақты қарым-қатынас пен туризмді дамыту үшін визасыз режим туралы келісімге қол қойды

Daryo ақпарат агенттігі еліміздің туризміне қатысты да материал жариялады. Басылымның хабарлауынша, Қазақстан мен Макао тығыз байланысты, туризм мен сауданы дамыту мақсатында екі аймақ арасында визасыз режим енгізу туралы маңызды келісімге қол қойды. Визасыз режим екі өңірдің азаматтарына бір-біріне 14 күнге дейін визасыз келуге мүмкіндік береді.

Мақалада бұл келісім Қазақстанның 2023 жылдың қарашасында Қытаймен көршілес екі ел арасында визасыз режим енгізген бұрынғы келісімінен кейін жасалғаны атап көрсетілген. Бұл келісім қазақстандық азаматтардың Қытайға түрлі мақсатта, соның ішінде іскерлік, туризм және емдеу мақсатында саяхаттауын жеңілдеткенімен, бұл Гонконг пен Макао сияқты аймақтарға таралмайтын.

Соңғы жаңалықтар