Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан: Тоқаев заңға қол қойды, Жапаров Астанаға келді, Ресей ЖЭС салады

БАҚ
Коллаж: Kazinform /wallpapers.com/Freepik/24.kg

Осы аптада халықаралық бұқаралық ақпарат құралдары Қазақстан туралы көп материал жазды. Шетелдік басылымдар ел президентінің Арменияға сапары, тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заңға қол қойғаны және ресми сапармен келген Қырғызстан президентін қарсы алуына қатысты мақалалар жариялады. Бұдан бөлек елдегі су тасқыны мен халықаралық форумды өткізу кейінге шегерілгенін хабарлады. Халықаралық басылымдар еліміз туралы тағы не жазды – толығырақ Kazinform тілшісінің шолуынан оқыңыз.

Тренд: Қазақстан Президенті ресми сапармен Арменияға барды

Әзербайжанның Trend ақпарат агенттігі Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ереванға ресми сапармен барғанын хабарлады. Осы жылдың 15 сәуірінде Арменияның мемлекеттік резиденциясында қарсы алу рәсімі өтті.

Құрметті қарауыл бастығы екі ел басшыларына ресми рапорт берді. Қазақстан мен Арменияның мемлекеттік әнұрандары орындалғаннан кейін Президент Тоқаев пен Армения премьер-министрі Никол Пашинян ресми делегация мүшелерін бір-бірімен таныстыруға кірісті. Рәсімнен кейін Тоқаев пен Пашинян келіссөздер залына бет алды, – делінген мақалада.

News.am: Қасым-Жомарт Тоқаев: Қазақстан Арменияға экспортты $350 млн дейін ұлғайтуға дайын

Арменияның News.am ақпарат агенттігі Қазақстан Армениямен сауда-экономикалық ынтымақтастығын нығайтуға дайын екенін хабарлады. Басылымның мәліметінше, бұл туралы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ереванға ресми сапары кезінде – 2024 жылы 15 сәуірде Арменияның премьер-министрі Никол Пашинянмен бірлесіп өткізген брифингте айтты.

Агенттіктің мәліметінше, Қасым-Жомарт Тоқаев Арменияның бай тарихы мен мәдениетіне ерекше құрметпен қарай отырып, Армения Қазақстанның Оңтүстік Кавказдағы маңызды және сенімді серіктесі екенін атап өтті.

Екіжақты байланыстарды жандандыру – ортақ мақсат, – деп келтіреді Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзін News.am.

Басылымның хабарлауынша, келіссөздер барысында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға ерекше назар аударылды. Қазақстан Президенті соңғы бес жылда бұл саладағы ынтымақтастық кеңейгенімен, әлеует толық пайдаланылмағанын атап өткен. Сонымен қатар, Қазақстан басшысы өңірлік және халықаралық бейбітшілік пен тұрақтылық мәселелерінде екі мемлекеттің мақсаттары сәйкес келетінін айтқан.

The Times of Central Asia: Қазақстан президенті тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы маңызды заңға қол қойды

The Times of Central Asia жаңалықтар порталы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылдың 11 сәуірінде ҚР Парламенті қабылдаған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңдарынақол қойғанын хабарлады. Порталдың хабарлауынша, бұл – әйелдер мен балаларды қорғауды қамтамасыз ету тұрғысынан ТМД елдеріндегі бірінші заң.

...Жаңа заңнама бойынша, тұрмыстық зорлық-зомбылық қылмыс деп танылады, кінәлілерге жаза қатаңдатылады және жазалау шараларымен қатар бірқатар алдын алу шарасы қарастырылады. Сондай-ақ енді балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың барлық түрі үшін жаза күшейтіледі. Тұтас алғанда, бұл мемлекеттік саясаттың құқықтық, экономикалық және әлеуметтік негіздерін жетілдіру, әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылыққа мүлдем төзбеушілік пен әлеуметтік теңдік қағидатын нығайтудағы маңызды қадам, – деп жазылған The Times of Central Asia мақаласында.

Порталдың хабарлауынша, халықаралық ұйымдар заңнамалық өзгерістерді жоғары бағалап, оларды «тұрақты, гүлденген қоғамның негізін қалайтын» «барлық азамат үшін теңдік, әділдік және қауіпсіздік жолындағы маңызды қадам» деп атады.

Daryo: Қазақстан-Қырғыз бизнес форумы экономикалық ынтымақтастықты ынталандыратын 300 миллион долларлық келісімдер әкелді

Өзбекстанның Daryo жаңалықтар агенттігі 17 сәуірде Астанада өткен Қазақстан-Қырғызстан бизнес-форумы аясында маңызды оқиға болғанын хабарлады. Екі елдің кәсіпкерлері жалпы сомасы 300 миллион доллар болатын коммерциялық келісімдерге қол қойды. Шара Орталық Азиядағы көрші елдер арасындағы экономикалық ынтымақтастықты дамыту және екіжақты байланыстарды нығайту үшін таптырмас алаң болды.

Қол қойылған негізгі келісімдердің қатарында әртүрлі сектордағы жобаларды жүзеге асыруға бағытталған венчурлық жобалар, соның ішінде күн электр станцияларының құрылысы, ферроқорытпа зауытын салу, Қырғыз Республикасында дистрибьюторлық орталықты дамыту, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізуді жеңілдету бар. Бұл бастамалар айтарлықтай экономикалық өсім әкеліп қана қоймайды, сонымен қатар тұрақты даму мен энергияны әртараптандыруға деген өзара міндеттемені көрсетеді, – делінген Daryo мақаласында.

Агенттіктің хабарлауынша, машина жасау, өнеркәсіп, металлургия, құрылыс, логистика, ауыл шаруашылығы, фармацевтика, инвестиция және қызмет көрсету сияқты түрлі саладағы көрнекті компаниялардың қатысуы екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мүмкіндіктерін тағы бір рет паш етті. 2023 жылдың соңында екі ел арасындағы сауда алдыңғы жылмен салыстырғанда 26 пайызға өсіп, 1,6 миллиард долларға жетті. Қазақстанның экспорты жалпы сауданың 69%-ға жуығын құрап, 1,1 млрд доллар болды және 35,8%-ға өсті. Қырғызстаннан импорт 495,2 млн долларды құрады (өсім 9%).

Interfax: Мәскеу мен Астана Қазақстанда үш жылу электр станциясын салу туралы келісімге қол қойды

Interfax агенттігінің хабарлауынша, Қазақстан мен Ресейдің Энергетика министрліктері Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында жылу электр станцияларын салу жобалары бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.

Көмірдің мол қорын ескере отырып, үш облыс орталығында үш жаңа ЖЭС салу олардың одан әрі дамуына серпін береді, – деп келтірді Interfax ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің сөзін.

Басылымның мәліметінше, нысандар инвесторлар есебінен салынады. Станциялар Көкшетау (қуаты 240 МВт), Семей (360 МВт) және Өскемен (360 МВт) қалаларында орналасады. Олар көмірмен жұмыс істейтін болады.

EFE Comunica: Қазақстан жойқын су тасқынына байланысты Астана халықаралық форумынан бас тартты

Испанияның EFE Comunica агенттігі Қазақстан үкіметі елдегі соңғы онжылдықтардағы ең жойқын су тасқынына байланысты Астанада биыл маусымға жоспарланған халықаралық форумнан бас тартқанын хабарлады.

Жойқын су тасқынының салдарын жою және зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін басқа шараларға жұмсалатын қаржыны барынша үнемдеу қажет екенін ескере отырып, биылғы 13-14 маусымға жоспарланған Астана халықаралық форумын өткізбеу туралы шешім қабылдадым,– деп келтірді Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзін EFE Comunica.

Басылымның хабарлауынша, Президент форумға шақырылған қонақтар бұл шешімге түсіністікпен қарайды деп сенетінін жеткізді.

EFE Comunica мәліметінше, су тасқынынан 102 мыңнан астам адам, оның ішінде 34 мың бала құтқарылды, су тасқынынан зардап шеккен аймақтарда жұрт баспанасын тастап кетуге мәжбүр болды.

24.kg: Президент Садыр Жапаров Астанаға ресми сапармен келді

Қырғызстанның 24.kg ақпарат агенттігі Астана халықаралық әуежайында Садыр Жапаровты Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қарсы алғанын хабарлады.

Басылымның мәліметінше, халықаралық әуежайдың флагштоктарына Қырғызстан мен Қазақстанның мемлекеттік туы ілініп, кілем төселіп, құрметті қарауыл ротасы тізілді.

Президенттің Қазақстанға ресми сапары аясында Астана қаласында Қасым-Жомарт Тоқаевпен екіжақты келіссөздері, Қырғызстан мен Қазақстан Жоғары мемлекетаралық кеңесінің алтыншы отырысына қатысуы және қырғыз эпосының батыры «Манас» ескерткішінің ашылу салтанатына қатысуы жоспарланған, – деп хабарлады агенттік.

Сонымен қатар, басылым Қазақстанда «Қырғызстан – Қазақстан» бизнес-форумы, ақсақалдар мен шығармашыл зиялы қауымның дөңгелек үстелі, қырғыз-қазақ жастар форумы, ғалымдар форумы сияқты бірқатар іс-шаралар өтетінін жазды.

Соңғы жаңалықтар