Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан: Тоқаевтың АЭС туралы пікірі, перзентханалар мен су ресурстары
Маусымның соңғы аптасында халықаралық басылымдар еліміз туралы бірқатар материал жазды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың АЭС салуға қатысты референдум өтетінін айтқанын, екі заңға қол қойып, оның халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталғаны туралы мақалалар жариялады. Әдеттегідей Kazinform тілшісі осы аптада әлемдік БАҚ-та еліміз жайлы басқа қандай материал шыққанына шолу әзірледі.

Anadolu Agenсy: Тоқаев: Биыл күзде Қазақстанда атом электр станциясын салу бойынша референдум өтеді
Биыл күзде Қазақстанда атом электр станциясын салу бойынша референдум өтеді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ қызметкерлерін марапаттау рәсімінде осылай айтты, деп хабарлайды Anadolu Agenсy.
Өздеріңіз жақсы білесіздер, экономиканы дамыту үшін тұрақты энергия көзі керек. Сондықтан мен атом электр стансасын салу мәселесін пысықтау туралы нақты тапсырма бердім. Қазір жан-жақты талқылау болып жатыр. Әртүрлі пікір айтылуда. Бұл үдеріске бұқаралық ақпарат құралдары да белсене атсалысуы керек, – деп келтірді басылым Мемлекет басшысының сөзін.
Агенттік Тоқаев Қазақстанда, шын мәнінде, атом энергетикасын дамыту үшін зор мүмкіндіктер бар дегенін және шешімді халық шығаратынын атап өткен.
Шын мәнінде, елімізде атом энергетикасын дамытуға зор мүмкіндік бар. Оны дұрыс, яғни тиімді пайдаланған жөн. Осы мәселеге қатысты соңғы шешімді халық қабылдайды. Референдум биыл күзде өтеді. Үкімет нақты датаны айқындайды, – деп жазды басылым Президенттің айтқанын.
Trend: Қазақстан Президенті халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған екі заңға қол қойды
27 маусымда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған екі заңға қол қойды. Бұл туралы Trend тілшісі Әли Гасымов хабарлады.
Тілшінің мәлімдеуінше, бірінші заң – «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы мәдени орталықтарды өзара құру туралы келісімді ратификациялау туралы». Бұл келісім мәдени-гуманитарлық саладағы достық қарым-қатынасты, алмасу мен ынтымақтастықты дамытуға бағытталған. Оған сәйкес, екі мемлекеттің мәдени орталықтары жіберуші тарап аккредиттеген және қабылдаушы елдің заңнамасына сәйкес жұмыс істейтін коммерциялық емес ұйымдар болады.
Екінші заң – «Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы халықаралық құрамдастырылған жүк тасымалдары туралы келісімді ратификациялау туралы».
Сentralasia.news: Қазақстанда перзентханаларға бөлінетін қаржы ұлғайды
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі перзентханалар мен неонатологиядағы медициналық қызметтердің сапасын арттыру мақсатында олардың тарифтерін қайта қарады. Бұл туралы Сentralasia.news хабарлады.
1 маусымнан бастап күрделі босану, оның ішінде кесарь тілігі бойынша тарифтер 60%-ға, ал жаңа туған нәрестелерді күту бойынша тарифтер 35%-ға көтерілді, – деп келтірді басылым ведомство басшысы Ақмарал Әлназарованың пікірін.
Агенттіктің мәліметінше, бұл өзгерістер медициналық қызметтерді көбейту мен олардың сапасын жақсартуға, сондай-ақ білікті мамандарды тартуға бағытталған.
Соңғы жылдары тарифтер медициналық ұйымдардың ана мен нәрестелерге күтім көрсетуге жұмсаған шығындарын өтей алмай келді. Қаржының аздығы осы ұйымдарда кредиторлық берешектің қалыптасуына себеп болды. Тарифтерді қайта есептеу кезінде медициналық мекемелердің қызмет көрсетуге кеткен нақты шығындары ескерілді.
Report: Каспий теңізі мәселелері бойынша жоғары деңгейдегі жұмыс тобының VIII отырысы өтті
2024 жылғы 24-26 маусымда Иран астанасы Тегеранда Каспий теңізі мәселелері бойынша жоғары деңгейдегі жұмыс тобының 8-ші отырысы өтті. Бұл туралы Report Әзербайжан Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап хабарлады.
Агенттіктің мәліметінше, келіссөзге Қазақстанның Каспий теңізі мәселелері жөніндегі арнайы өкілі Зүлфия Аманжолова қатысқан. Кездесу барысында тараптар Каспий теңізіне тікелей шығу желілерін салу әдістемесін талқылауды жалғастырды.
Басылым келесі кездесу Қазақстанда өтетінін атап өтті.
Келіссөз барысында Каспий теңізіндегі ынтымақтастыққа шолу жасалды. Делегациялар Иран тарапына кездесуді жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін алғыс білдірді. СӨЖТ келесі отырысы Қазақстанда өтеді, оның күндері дипломатиялық арналар арқылы келісіледі, – деп жазды Report.
Daryo: Қазақстан су ресурстарын басқару жүйесін жаңғыртуға $1 миллиард тартуды көздеп отыр
Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Қазақстанның су шаруашылығы жүйесін қалпына келтіру бойынша ауқымды жобаның басталғанын мәлімдеді. Бұл туралы Daryo үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.
Басылым көктемгі су тасқыны ауқымды жаңарту бағдарламасының катализаторы болғанын атап өтті. Ел үкіметі проблемаларды жою және суды пайдаланудың қауіпсіздігі мен тиімділігін қамтамасыз ету үшін 500 миллиард теңгеден (1 миллиард доллар) астам инвестицияны қажет ететін 16 басым жобаны анықтады.
Ислам даму банкінен жеңілдетілген қаржы тарту пысықталып жатыр. Қаражат ұзақ мерзімге және өте төмен мөлшерлемемен беріледі, бұл осы саладағы қордаланған мәселелерді шешуге көмектеседі, – деп жазды басылым.