Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан: Тоқаевтың Боао форумындағы сөзі, Алматыдағы жаңа көлік зауыты, АҚШ-пен ынтымақтастық

шолу
Коллаж: freepik.com/pixabay.com/ primeminister.kz

2024 жылдың бірінші тоқсаны да аяқталып қалды. Наурыздың соңғы аптасында шетелдік басылымдар Қазақстан туралы түрлі ақпарат жазды. Оның ішінде Мемлекет басшысының Боао форумына қатысқаны, елімізде қытайлық брендтің көлік зауыты салынатыны туралы және басқа жаңалықтар таратты. Әлемдік БАҚ Қазақстан туралы тағы не жазды – толығырақ Kazinform тілшісінің шолуынан оқыңыз.

The Times of Central Asia: Қазақстан қытайлық KAIYI брендінің автомобильдерін шығара бастайды

Қазақстандық Orbis Manufacturing көлік компаниясы Алматының өнеркәсіптік аймағында қытайлық KAIYI брендімен автомобиль шығаратын толық циклді зауыт салуды жоспарлап отыр. Бұл туралы The Times of Central Asia хабарлады.

Басылымның мәліметінше, Астанадағы қазақстандық экспорттаушылардың екінші форумында «Орбис Қазақстан» еншілес компаниясы қытайлық Yibin Kaiyi Automobile Co компаниясымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Біз жетекші Қытай брендтерінің жоғары технологиялық автомобильдерін өндіруді ұйымдастыруға шамамен 72 млрд теңге ($160 млн) инвестиция салуды жоспарлап отырмыз, - деп бөлісті басылым «Орбис Қазақстан» президенті Сухраб Махмудовтың сөзін.

Агенттіктің жазуынша, «Орбис Қазақстан» қазір өндірістік желінің жобалау-сметалық құжаттамасы бойынша жұмыс аяқталып жатыр. Зауыттың өндірістік қуаты жылына 80,00 автомобиль деңгейінде жоспарланған. Бастапқыда зауытта 1500 жұмыс орны ашылады.

Осы аптада, нақтырақ айтсақ 28-29 наурызда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың Хайнань провинциясында өткен Боао Азия форумына қатысып, пленарлық сессиясында арнайы мейман ретінде сөз сөйледі. Мемлекет басшысы форумда қандай маңызды мәселелерді қозғағанын және отандық сарапшылар бұл туралы қандай пікір білдіргенін жазғанбыз.

Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаевтың баяндамасын әлемдік БАҚ жарыса жазды. Олар Президенттің месседждерін бөлісті. Солардың бірқатарына тоқталайық.

Nova News: Тоқаев Боао форумында: Қазақстан жаһандық азық-түлік тұрақтылығына өз үлесін қосқысы келеді

Болгариялық Nova News агенттігі Қасым-Жомарт Тоқаевтың Боао форумының пленарлық сессиясындағы мәлімдемесі жайлы жазды.

Қазақстан Дүниежүзі тұрғындарының шамамен үштен бір бөлігі әлі де сезініп отырған азық-түлік тапшылығы мәселесін шешу үшін жаһандық азық-түлік тұрақтылығын қамтамасыз етуге ұмтылады. Бұл туралы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың Хайнань провинциясында өткен Боао Азия форумында сөйлеген сөзінде айтты, – деп жазды басылым.

TASS: Қазақстан әлемдік азық-түлік тұрақтылығын қамтамасыз етуге үлес қосуға ниетті

Ресейдің TASS агенттігі де Мемлекет басшысының Боао форумындағы сөйлеген сөзіне назар аударып, ақпарат таратты.

Сондай-ақ басылым «қазақстандық көшбасшы Азия елдері арасындағы транзит-көліктік ынтымақтастықты кеңейтудің стратегиялық маңызына тоқталды, деп жазды.

Қолданыстағы және жаңа көлік бағыттарын дамыту үшін барынша күш-жігер жұмсау аса маңызды. Транскаспий халықаралық көлік бағыты немесе «Орта дәліз» осы санатқа жатады. Аталған көлік бағдары Азия мен Еуропа арасындағы жеткізу тізбегінің қауіпсіздігін әлдеқайда тиімді қамтамасыз етеді. Былтыр осы бағыттағы жүк тасымалы екі есе артып, 3 миллион тоннаға жетті. Алдағы жылдары бұл көрсеткіш 10 миллион тоннаға жетеді деген болжам жасап отырмыз. Сондай-ақ Қазақстан «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізін дамытуда көрші елдермен ынтымақтастық орнатуға дайын, – деп келтірді агенттік Тоқаевтың сөзін.

Daryo Қазақстан мен Қытайдың екіжақты саудасы рекордтық 41 млрд долларға жетті

Өзбекстандық Daryo агенттігі Боао форумында сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаевтың баяндамасындағы Қазақстан мен Қытай қарым-қатынасының нәтижелерін бөліскен. Сонымен қатар, басылым Мемлекет басшысының Боао форумына жоғары баға бергенін де жазды.

Жиналған халықаралық көшбасшылар мен делегаттар алдында сөйлеген сөзінде Президент Тоқаев құбылмалы геосаяси ахуал мен экономикалық қиыншылықтың салдарынан туындаған жаһандық тұрақсыздық жағдайында Боао форумы платформасы диалог пен халықаралық ынтымақтастық орталығы ретінде маңызды рөл атқаратынын атап өтті, – деп жазды Daryо.

Azernews: Қазақстан мен АҚШ энергетика және пайдалы қазбаларды барлау саласындағы ынтымақтастықты талқылауда

Сондай-ақ, осы аптада әзербайжандық басылым Azernews Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ сенаторы Стив Дениспен кездесуі туралы жазды. Агенттік екі жақ сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелері бойынша пікір алмасқанын хабарлады.

Басылымның мәліметінше, Тоқаев кездесуде Қазақстан инвестиция тарту, экономиканы ырықтандыру және өнеркәсіпті дамыту ісіне ерекше назар аударылып отырғанын мәлімдеді.

Оның айтуынша, энергетика, пайдалы қазбаларды барлау әрі өңдеу, инфрақұрылымды жаңғырту және басқа да салалар екіжақты қарым-қатынастардың негізгі бағыттары саналады. Тараптар халықаралық және өңірлік қауіпсіздік мәселесіне баса мән берді, – деп жазды әзербайжандық агенттік.

Соңғы жаңалықтар