Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан: Тоқаевтың мәлімдемесі, Каспий кабелі, жаңа көлік торабы

БАҚ
Коллаж: Kazinform / DALL·E / Pixabay

Мамырдың алғашқы аптасында шетелдік басылымдар Қазақстан туралы түрлі ақпарат жазды. Оның ішінде Мемлекет басшысының Әзербайжан мен Армения келісіміне қатысты мәлімдемесі, Қазақстан, Ресей және Қытай жаңа көлік торабы салынатыны туралы және басқа да жаңалықтар таратты. Әлемдік БАҚ Қазақстан жөнінде тағы не жазды – толығырақ Kazinform тілшісінің шолуынан оқыңыз.

Anadolu Agency: Қазақстан Президенті Алматыда өтетін Әзербайжан мен Армения келіссөздерін құптайды

Сәрсенбіде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан мен Арменияның Алматыда сыртқы істер министрлері деңгейінде келіссөздер өткізу туралы келісімін құптады. Бұл туралы түркиялық Anadolu Agency Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

Алдағы кездесу әзербайжан-армян уағдаластығының нақты жүзеге асуына жол ашып, жуық арада Оңтүстік Кавказда тұрақты әрі ұзақмерзімді бейбітшіліктің орнауына ықпал етеді, – деп келтірді Президенттің сөзін Anadolu агенттігі.

Айта кетейік, Қазақстан Президенті Ереванға жасаған сапарында Армения мен Әзербайжан арасындағы келіссөздер үшін өз алаңын ұсынуға дайын екенін мәлімдеген болатын. Сондай-ақ, Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, Баку мен Ереван кездесуге қатысатынын растады.

The Times of Central Asia: Қазақстан, Ресей және Қытай жаңа көлік торабын құрады

Қазақстанның «Қазақстан темір жолы» ұлттық темір жол компаниясы (ҚТЖ), ресейлік «Славтранс-сервис» АҚ және Қытайдың Сиань еркін сауда портын салу және пайдалану жөніндегі компаниясы Мәскеу облысының Селятино станциясында «CRK Terminal» жаңа көлік-логистикалық орталығының құрылысын бастады. Бұл туралы халықаралық The Times of Central Asia хабарлады.

Жаңа логистикалық хаб Сиань (Қытай), Ресей және басқа елдер арасындағы Қазақстан-Қытай терминалындағы тікелей көлік байланысын дамытуға арналған, – деп жазды басылым.

Сондай-ақ, The Times of Central Asia мәліметінше, 2023 жылы Қытай мен Ресей арасындағы Қазақстан арқылы теміржол арқылы жүк тасымалдау көлемі 3,8 млн тоннаны құрады, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 35%-ға артық. 2024 жылдың бірінші тоқсанында Қытай-Ресей-Қытай бағыты бойынша транзиттік тасымал 0,9 миллион тонна болып, тұрақты деңгейде қалды.

Deutsche Welle: Баку, Ташкент және Астана энергетикалық жүйелерін біріктіреді

Үш елдің билігі экономика және энергетика саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Кабель Каспий теңізінің түбімен тартылады. Мұндай ақпаратты германиялық Deutsche Welle басылымы жазды.

Әзербайжан, Өзбекстан және Қазақстан үш елдің энергетикалық жүйелерін біріктіру бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжатқа 1 мамыр сәрсенбіде, Ташкентте үш елдің экономика және энергетика министрлерінің кездесуінің қорытындысы бойынша қол қойылды. Бұл туралы әлеуметтік желіде Әзербайжанның экономика министрі Микаил Чингиз оглы Джаббаров мәлімдеді, – деп хабарлады Deutsche Welle.

Сондай-ақ, басылым Джаббаровқа сілтеме жасап, бұл құжатты жүзеге асыру үш тарапқа «жасыл» энергияны өндіру және оны Әзербайжан арқылы Еуропаға экспорттауды ұйымдастыруда өзара іс-қимыл жасауға мүмкіндік беретінін жазды.

TASS: Қазақстанда су тасқынынан зардап шеккендерге коммуналдық төлемдерді төлеу шегеріледі

Қазақстан билігі ауқымды су тасқынынан зардап шеккен ел тұрғындарына коммуналдық төлемдерді төлеуді кейінге қалдырады. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап ресейлік TASS агенттігі хабарлады.

Елдің бірқатар өңірінде су тасқыны салдарынан зардап шеккен қазақстандықтарға кешенді көмек көрсетіліп жатыр. Кейінге қалдыру Наурыз және сәуір айларындағы коммуналдық төлемдерді төлеу кейінге қалдырылды, яғни осы айлар үшін кешігіп төлегендерге өсімпұл қосылмайды. Жергілікті атқарушы органдар су тасқынынан зардап шеккендердің тізімін жасауға кіріседі. Бұл тізімдер коммуналдық кәсіпорындарға жіберіледі, олар өз кезегінде коммуналдық төлемдерді кейінге қалдыру бойынша тиісті шараларды қабылдайды, – деп жазды басылым.

Daryo: Қазақстандағы сауда орталықтарында Wi-Fi сапасы жақсарады

2 мамырда ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек елдегі сауда орталықтарын жоғары сапалы Wi-Fi желілерімен қамтамасыз ету жоспары туралы мәлімдеді. Бұл туралы өзбекстандық Daryo интернет басылымы хабарлады.

Басылымның мәліметінше, Асхат Оразбек қоғамдық тамақтану орындары мен сауда үйлеріндегі интернеттің нашар істейтінін, өзгелер секілді өзі де проблемаға тап болғанын атап өткен.

Заң жобасы аясында ірі бизнес орталықтарын Wi-Fi желісін орнатуға міндеттейміз. Ал біз сапасын қадағалаймыз. Бұл баршаға жайлы болады деп ойлаймын. Дәмханаға немесе сауда орталығына кіргенде сапалы интернет болуы керек, – деп келтірді вице-министрдің сөзін Daryo.

Соңғы жаңалықтар