Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан: Жаңа Премьер-Министр және ЕуроОдақпен ынтымақтастық

баспасөзге шолу
Коллаж: Kazinform/ pixabay

Осы аптада бірқатар дүниежүзілік баспасөз беттерінде Үкіметтің отставкаға кетіп, жаңа премьер-министрдің тағайындалуы және Еуропалық одақпен қарым-қатынас туралы мақалалар жарияланды. Толығырақ Kazinform сарапшысының шолуында.

The time of Central Asia: Қазақстандағы түбегейлі реформалар кезеңінде Үкімет отставкаға кетті

The time of Central Asia жаңалықтар агенттігі Қазақстан үкіметінің отставкаға кеткені туралы мақала жариялады.

«Отставканың нақты себебі ашылмаса да, ол Қазақстандағы саясаттың серпінді сипатын көрсетеді», - делінген Тhe time of Central Asia мақаласында.

Мақалада «Еуразиялық мониторинг» сараптамалық зерттеулер орталығының директоры Әлібек Тәжібаевтың пікірі берілген.

«Қазақстанда және тұтастай алғанда биліктің өзгеруі дағдарыстық құбылыс ретінде қабылданады, бірақ бұл жерде ешқандай дағдарыс емес. Экономикалық және саяси жағдай өзгеріп жатыр. Сондықтан Әлихан Смайыловтың басшылығымен екі жылдан астам уақыт жұмыс істеген бұл Үкімет өзінің негізгі міндеттерін орындады деп айтуға болады. Олардың басты мақсаты терең реформалар жүргізу, референдум өткізу, демократияландыру тетігін іске қосу және «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру болды», - деді Әлібек Тәжібаев Тhe time of Central Asia агенттігіне берген сұхбатында.

Deutsche Welle (DW): Қазақстан үкіметі отставкаға кетті

Германияның Deutsche Welle ақпарат агенттігі де Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкімет отставкасын қабылдағанын хабарлады.

«Премьер-министр Әлихан Смайыловтың жетекшілігімен Қазақстан үкіметі отставкаға кетті», - делінген DW мақаласында.

Агенттік президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың осындай шешім қабылдап, премьер-министрдің орынбасары Роман Склярды Үкімет басшысы міндетін уақытша атқарушы етіп тағайындағанын жазды.

«Қазақстан Республикасы Үкіметінің мүшелері Үкіметтің жаңа құрамы бекітілгенге дейін өз міндеттерін атқаруды жалғастыра береді», - деп жазды Deutsche Welle ақпарат агенттігі Қазақстан Президентінің жарлығына сілтеме жасай отырып.

Агенттіктің хабарлауынша, Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін шетелдік инвестицияларды тарту бойынша реформалар жүргізуге шақырған.

Bloomberg: Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Әкімшілігінің басшысын жаңа премьер-министр етіп тағайындады

Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, Қазақстан президенті бұрынғы министрлер кабинеті отставкаға кеткеннен кейін премьер-министр қызметіне Президент Әкімшілігінің басшысы Олжас Бектеновті тағайындады.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттің қолдауына ие болып, Премьер-Министрді тағайындау туралы жарлыққа қол қойды», - делінген Bloomberg мақаласында.

Eureporter: Қазақстан мен Еуропалық Одақ дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 31 жыл толғанын атап өтуде

Eureporter агенттігі Қазақстан мен Еуропалық Одақ дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 31 жыл толғанын хабарлады.

«Тарихи тұрғыдан, осы қысқа уақыт ішінде тараптар саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салаларды қоса алғанда, стратегиялық әріптестік саласын едәуір кеңейтті, сондай-ақ «Орталық Азия-Еуропалық Одақ» өңіраралық диалогы шеңберіндегі өзара іс-қимылды тереңдете түсті», - делінген Eureporter мақаласында.

Басылымда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Еуропалық кеңестің Президенті Шарль Мишельдің Орталық Азия елдері көшбасшылары мен Еурокеңес Президентінің II кездесуіне және БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы тараптарының 28-ші конференциясына бірге қатысуы шеңберіндегі кездесулері Астана және Брюссель арасындағы саяси диалогты едәуір күшейткені жайлы жазылған.

Eurasianet: Қытай Орталық Азия елдерімен сауда тұрақты өсім көрсетіп жатқанын хабарлады

Eurasianet ақпарат агенттігі Қытайдың кеден агенттігі (GACC) жариялаған мәліметтерге сәйкес, ҚХР мен Орталық Азия мемлекеттері арасындағы сауда 2023 жылы күрт өскенін жазды.

«GACC мәліметтері бойынша аймақтың жылдық тауар айналымы 2023 жылы 89,4 млрд долларды құрады, бұл өткен жылғы 70,2 млрд доллардан 27%-ға көп.Алайда сауда балансы біркелкі емес: Орталық Азия елдеріне экспортталған тауарлар мен қызметтер 61,4 млрд долларға жетсе, Бейжіңнің аймақтан импорты 28 млрд долларды құрады»,- деп хабарлайды Eurasianet.

Сонымен бірге, агенттік атап өткендей, 2023 жылы Қазақстан Қытайдың ең ірі сауда серіктесі болды. Екіжақты тауар айналымы 41 миллиард долларға жеткен, бұл өткен жылмен салыстырғанда 32 %-ға артық.

Соңғы жаңалықтар